Облыс әкімі Атырау қаласындағы жағымсыз иістің себебін айтты

18 Маусым 2021, 11:06
5753
Бөлісу:
Облыс әкімі Атырау қаласындағы жағымсыз иістің себебін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде халық алдында есеп беру кездесуі кезінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қаланы жайлаған жағымсыз иістің себебі туралы айтты.

Облыс басшысы бұл мәселе қала тұрғындарын қатты алаңдататынын атап өтті.

Бұл ондаған жылдар бойы тұрғын үйлер мен кәсіпорындардың кәріз суларын тазарту қондырғыларының болмауынан туындаған проблема. Облыс әкімдігі осы мәселені шешу үшін 2020-2025 жылдарға арналған кешенді шаралар жоспарын әзірледі. Соның аясындаы биыл Атырау қаласының сол жақ бөлігінде салынып жатқан кәріздік-тазарту ғимаратының құрылысын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар қаланың оң жақ бөлігінде орналасқан осындай ғимаратты жаңғырту көзделген. Алдағы екі жылда "Тухлая балка" булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылады, - деді ол.

Облыс басшысы аймақта қоршаған ортаны қорғау бойынша атқарылып жатқан шараларға да тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері ғарыштық мониторингілеу бойынша Атырау қаласы аймағынан 94 заңсыз қоқыс орны анықталып, 39-ы тазаланды, 43-інде тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал 13-інің иесі анықталуда.

Аймақты көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. Биыл көктемде 700 мыңға жуық екпе, 50 мыңға жуық көшет отырғызылды. Алдағы бес жылда облыстың орман қоры жерлеріне жеті миллион, елді мекендерге 540 мың көшет отырғызу жоспарланған. Облыстың ірі кәсіпорындарымен меморандум жасалып, олар да көгалдандыру жұмыстарына атсалысатын болады, - деді аймақ басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы