Нұр-Сұлтандағы жол апаты: 3 адам жансақтау бөлімінде

27 Наурыз 2019, 15:15
2415
Бөлісу:
Нұр-Сұлтандағы жол апаты: 3 адам жансақтау бөлімінде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада орын алған ірі жол апаты салдарынан зардап шеккендердің үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл жөнінде №2 көпбейінді қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Ли мәлімдеді.

«Кеше алғашқы зардап шеккен азамат бізде таңғы сағат 09:40-та жеткізілді. Содан сағат 10:30-ға дейін бізге бір сәтте ауыр халдегі 24 зардап шегуші жеткізілді. Зардап шеккен адамдарды топтастырып, жарақаты бойынша сұрыптау арқылы шұғыл медициналық көмек көрсету әдісі біздің оңтайлы әрекет етуімізге септігін тигізді», - деді №2 көпбейінді қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Ли.

Бас дәрігер аталған жол апатынан зардап шеккен жалпы 29 азаматқа №2 аурухана қызметкерлерімен көмек көрсетілгенін айтты.

«Оның ішінде, 14 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, олар үйлеріне жіберілді. Қалғаны стационарға жатқызылды. Бір емделуші біліктілігі жоғары мамандардың көмек көрсетуі үшін арқа тұсының ауыр жарақатымен нейрохирургия орталығына ауыстырылды. Қалған зардап шеккендерге біздің мекеме мамандары шұғыл ота жасалды. Қазіргі уақытта үш азаматтың жағдайы тұрақты ауыр күйде қалып отыр. Алайда, олардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Осылайша, травматология бөлімінде 8 адам, торакалдық хирургия бөлімінде 2 адам, жан сақтау бөлімінде 3 адам жатыр», - деді Иван Ли.

Ол зардап шеккендердің арасында Филиппин азаматшасы бар екенін растады.

«Ол азаматша жақында ғана біздің елге коммерциялық компанияның шақыртуымен келген. Оның жарақаты айтарлықтай ауыр. Қазір торакалдық хирургия бөлімшесінде ем алып жатыр. Жақын уақытта оған кеудеішілік қан кетуді тоқтату бойынша ота жасалады. Қазір компьютерлік томография жүргізілуде», - деген ол торакоскопиялық ота жасау мәселесі бүгін шешілетінін айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, кеше елордада қайғылы жағдай - үш жолаушылар автобусының қатысуымен жол апаты орын алды. Соның салдарынан екі адам қаза тапты. Олардың туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Кешегі жол апатында жедел медициналық жәрдем көлігіне де зақым келіп, көлік жүргізушісі мен екі фельдшер жарақат алды. Олар оқиға орын ала салысымен тез арада рация арқылы жедел жәрдем шақырған. Бұл осы оқиға бойынша шұғыл әрекет жасауға мүмкіндік берді. Жалпы 36 адам зардап шегіп, оларға медициналық көмек көрсетілген. Кеше шамамен жедел медициналық көмектің 15 бригадасы аталған жол апатына жұмылдырылды», - деді.

«Кеше таңғы сағат 09:19-да 103 пультіне ірі жол апаты орын алғаны және зардап шеккендер көп екені туралы хабарлама келіп жетті. Бірінші болып жақын маңда жүрген жедел жәрдем көлігі жөнелтілді. Машиналар бізде GPS арқылы орналасқан жері анықталатынын білесіздер. Сондықтан, диспетчер сол аумақта тұрған көлікті анықтаған. Алайда, ол көліктің де жол апатына ұшырағанын білмеген. Фельдшер өзі байланысқа шығып, тез арада өздеріне көмек көрсеткен соң, басқа азаматтарға шұғыл көмек көрсететінін хабарлады. Сәті түскенде, дәл сол автобустардың бірінде түнгі ауысымнан үйіне қайтып бара жатқан біздің фельдшер болған. Ол құдай сақтап еш жарақат алмаған. Дәл осы фельдшер әріптестеріне және зардап шеккендерге көмек көрсетуге атсалысты. Яғни, қан тоқтатып, шокқа қарсы укол салды. Кеше ауыр жарақат алған 22 адамға 30 минуттың ішінде алғашқы көмек көрсетіліп, медициналық мекемеге жеткізілді», - деді

Ол кеше оқиға орнында алғашқы болып медициналық көмек көрсетіп, шұғыл әрекет еткен төрт қызметкер – бір дәрігер мен үш фельдшер Израильде жедел медициналық көмек бойынша оқып келгенін айтты.                                                                                                                                  

Өзгелердің жаңалығы