Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Үкімет отырысында айтты.
Оның айтуынша, кәсіпкерлердің сұрайтыны айлық беретін қордан келетін салықтан босату.Пандемия басталғалы бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет бизнес қауымдастықпен ақылдаса отырып, дағдарысқа қарсы 4 пакет іс-шарасын қолданды. Оған байланысты кешенді жоспар қабылданды. Жалпы 260 шарадан тұратын ауқымды іс жүзеге асырылды. Олар 5 саланың кәсіпкерліктерін қамтыды , - деді Мырзахметов.
Оның айтуынша, кешенді жоспар бойынша барлық құқықтық-нормативтік актілер қабылданды.Бұл мәселе бойынша барлық қолдау көрсетілді. Жалдау ақысы бойынша да мемлекет тарапынан немесе квазимемлекеттік салада жеңілдіктер берілді. Отандық кәсіпкерлерде мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік, шикізат саласында жол картасы іске асып жатыр. ШОБ-тарға салық төлеу бойынша шектеулерге жеңілдіктер берілді, олардың есепшоттары бұрынғыдай бұғатталмайтын болды, - деді Абылай Мырзахметов.
Қазір кәсіпкерлер жұмысты тоқтатпауды сұрады. Мемлекет басшысы Аshyq жүйесіне қатысты нақты тапсырма берді. 500 мыңнан астам кәсіпкерлік тікелей қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Сондықтан Аshyq жүйесін одан әрі дамыту бойынша жұмыс жалғасады деп ойлаймыз, - деді ол.