Қазақстанға Моңғолия СІМ алғаш рет ресми сапармен келеді

21 Қаңтар 2019, 17:00
16646
Бөлісу:
Қазақстанға Моңғолия СІМ алғаш рет ресми сапармен келеді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның сыртқы саясатына байланысты күн тәртібіндегі маңызды жаңалықтармен бөлісті.

Алдымен ведомство өкілі Қазақстанға келген Зимбабве президентінің алғашқы ресми сапарына тоқталып өтті.

«19-21 қаңтар аралығында Қазақстан-Зимбабве тарихында алғаш рет Зимбабве президенті Эммерсон Мнангагва елімізге ресми сапармен келді. Бұл – Зимбабвенің біздің елмен жан-жақты серіктесті нығайтуға деген зор ұмтылысының дәлелі. Зимбабве президентінің бұл сапары ТМД елдеріне турнесі аясында өтіп жатыр. Атап айтқанда, ол Ресей, Белорусь, Әзербайжан және Қазақстанға барды. Бүгін Мнангагва Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, олар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары бойынша бірқатар мәселені талқылады. Жалпы алғанда, Зимбабве президентінің сапары Африка бағытындағы 2014-2020 жылдарға арналған Қазақстанның сыртқы саясатындағы тұжырымдамасын іске асыруға сәйкес келеді», - деді Смадияров.

Бұдан басқа СІМ баспасөз қызметінің басшысы осы аптада Моңғолия сыртқы істер министрі екі ел тарихында алғаш рет ресми сапармен келетінін айтты.

«24-25 қаңтарда Қазақстан-Моңғолия қарым-қатынасының  тарихында алғаш рет Моңғолияның сыртқы істер министрі Дамдингийн  Цогтбаатар Қазақстанға ресми сапармен келеді.  Оның Мемлекет басшылығымен кездесу жоспарланып, екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелер талқыланады.  Атап айтқанда, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен екі елдің транзит-көліктік әлеуетін дамытуды, жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыруды, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау жоспарланып отыр», - деді ресми өкіл.

Рахиля Бекназарқызы

Өзгелердің жаңалығы