Министр: Оқуға түсу үшін көпбалалы, толық емес отбасылардан шыққан балалар үшін жаңа квоталар енгізілді

24 Сәуір 2021, 22:10
4115
Бөлісу:
Министр: Оқуға түсу үшін көпбалалы, толық емес отбасылардан шыққан балалар үшін жаңа квоталар енгізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенттің көмекшісі Ерлан Қариннің ұйымдастыруымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен онлайн кездесу өтті. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook-тегі парақшасына жазды.

Жиында Президенттің кеңес отырыстарында берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы айттым. Мемлекет басшысы ҰҚСК-нің отырыстарында өзекті тапсырмалар берді. Бір қызығы, берілген барлық тапсырманың 43%-ы біздің министрлікке міндеттелген екен. Бізге жүктелген тапсырмалар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, осы постымда тек ең өзектілеріне тоқталып өтсем. Педагогтердің мәртебесін арттыру, мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау институтын енгізу және педагогтерді мектептерге конкурс арқылы қабылдау бойынша қажетті заңнамалық нормалар қабылданды. Заң күшіне енді, - деп жазды министр.

Министр құжаттарды қарастыру және мұғалімдерді жұмысқа қабылдау процесі ашық түрде ұйымдастырылып, электрондық форматқа көшірілетінін айтты.

Енді мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарының директорларын ротациялау жүргізілетін болады. Егер бұрын директор педагогтерді жұмысқа қабылдау туралы шешімді жеке өзі қабылдаса, қазір шешімді конкурс қорытындысы бойынша арнайы комиссия қабылдайтын болады. Құжаттарды қарастыру және мұғалімдерді жұмысқа қабылдау процесі ашық түрде ұйымдастырылып, электрондық форматқа көшіріледі, - деп жазды Аймағамбетов.

2021 жылы педагогикалық мамандық бойынша білім алған түлектер алғаш рет сертификаттаудан өтеді. Олар ұлттық біліктілік тестілеуінен кейін мектепте тәжірибелік жағынан сынақтан өтіп, "педагог" біліктілігін алатын болады.

Одан бөлек, жан басына қаржыландыру нормативтерін ұлғайту бойынша тапсырмалар берілген болатын.
Осылайша, орта білім беру саласында жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі едәуір артып, орта есеппен алғанда шамамен 450 мың теңгені құрады. Дегенмен, біз алдағы жылдары бұл көрсеткішті айтарлықтай ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл мектептерді ашу үшін инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік береді. Табысы төмен отбасылардан шыққан азаматтар мен жастардың әлеуметтік осал санаттары үшін гранттар санын ұлғайту жөніндегі тапсырма шеңберінде Үкімет арнайы қаулы қабылдады. Осылайша, биыл ЖОО-ға оқуға түсушілер үшін көпбалалы, толық емес отбасылардан шыққан балалар үшін жаңа квоталар енгізілді, - деді ол.
Сонымен бірге ҰҚСК мүшелері педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсу үшін үміткерлерге қойылатын талаптарды ұлғайту мәселесін көтерді. 

Қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізіліп, педагогикалық мамандыққа түсушілер үшін оқуға түсу балы 50-ден 75 балға дейін ұлғайтылғанын айттым. Жалпы педагог мәртебесін және олардың жалақысын арттыру, сондай-ақ педагог-студенттердің шәкіртақысын 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін ұлғайту бойынша қабылданған шешімдер мен атқарылған жұмыстың арқасында осы педагогикалық мамандықтарға мықты әрі білімді түлектер түсе бастады, - деді ол.


Бұл шараларды іс жүзінде іске асыра бастаған жылы педагогикалық бағыттарға түсушілердің орташа балы 60-тан 90 балға дейін өскен болатын. Сонымен қатар педагогикалық мамандықтарды таңдаған "Алтын белгі" иегерлерінің саны да шамамен екі есе дейін өсті.
Кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен Мемлекет басшысының қолдауының арқасында білім беру грантының құны едәуір артты (орташа 342 мыңнан 1 млн теңгеге дейін). Бұл өз кезегінде профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысын 20%-дан екі мәрте арттыруға мүмкіндік берді. Алайда, бұл шаралар базаның төмендігінен жалақының айтарлықтай өсуіне әкелмегенін көріп, біз БҒМ-ге қарасты жоғары оқу орындарының оқытушылары мен профессорлары үшін ең төменгі жалақыны белгілеу туралы шешім қабылдадық. Оқытушылардың оқу жүктемесін төмендеттік. Бұдан бөлек ендігі кезекте ЖОО басшылары гранттар құнын ұлғайту есебінен оқу орнының материалдық-техникалық базасын жақсарта алады, - деп жазды министр.

Кеңес мүшелері тарапынан докторанттарды жоғары оқу орындарында оқыту құны бойынша да сұрақтары болды.

Біз докторанттарды даярлауға арналған гранттардың құнын 1 млн 900 мың теңгеге дейін ұлғайттық. Сондай-ақ докторанттардың шәкіртақысын да 82 мыңнан 150 мың теңгеге дейін көтердік. ҰҚСК отырысында Президент тағы бір маңызды тапсырма берген болатын. Ол – мемлекетке 100% тиесілі жоғары оқу орындарын жекешелендіруге тыйым салу туралы ережені заңнамалық тұрғыда бекіту. Расында, жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам форматына көшкен соң, жоғары оқу орындарының ұжымдары мен академиялық қоғамдастықта "біздің университеттер сатылуы мүмкін" деген алаңдаушылық болды. Бұл мәселені шешу үшін заңнамаға түзетулер енгізуге бастама жасалып, Парламент Мәжілісінің тиісті заң жобасы қабылданды, кейін Сенат қарауына жіберілді, - деп жазды Аймағамбетов.
Қазақстандық ғылымның даму барысы да үнемі кеңестің назарында.
Бұл сала бойынша да көптеген тапсырма болды. Олардың бірі – ғылыми тағылымдамадан өтуге қаражат бөлу. Қазір бюджет нақтыланып жатыр. РБК бұл шығындарды алдын ала қолдады. Осы жылдан бастап жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді деп жоспарлап отырмыз. Ғылыми-зерттеу институттарының базасын күшейту жөніндегі тапсырма да іске асырылып жатыр. Сондықтан өткен жылы 23 ғылыми ұйымға заманауи зертханалық кешендер мен қажетті жабдықтарды сатып алуға 2,8 млрд теңге бөлінді, - деп жазды министр.

Биыл және келесі жылдарға арналған бюджетте де осы мақсаттарға қаражат көзделген.
Менің баяндамамнан кейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері сұрақтарын қойды, мен жауап бердім. Колледждердің қызметі, білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау, жоғары оқу орындарын тексеру және сапасыз білім беретін университеттердің жабылуы төңірегінде мәселелер талқыланды. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында мемлекеттік гранттарды өтеу, жоғары оқу орындарының ректорларын сайлау мәселелері де көтерілді. Мұндай кездесулердің тиімділігі орасан зор. Өйткені Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен ашық диалог орнату Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша бірлескен тиімді өзара жұмыс жасауға ықпал етеді. Кеңес тарапынан өзекті мәселелер көтеріліп, кеңес мүшелерінің белсенді ұстанымдары мен Президенттің қолдауының арқасында білім және ғылым саласында маңызды мәселелер оң шешімін тапты, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы