Бас жаңалықтар
Министр бюджет қаржысын дұрыс игермеген қызметкерлерінің өз еркілерімен босатылғанын айтты
20 Маусым 2019, 14:05 449

Министр бюджет қаржысын дұрыс игермеген қызметкерлерінің өз еркілерімен босатылғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров республикалық бюджет қаржысын тиімді игермеген қарамағынадғы қызметкерлері - Су комитеті мен «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорны бірінші басшыларының қызметтерінен өз еркілерімен босатылғанын айтты. 

Қос палатаның бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Берік Оспанов Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа сауалын жолдады. 

«Гидротехникалық құрылыс-жайларды реконструкциялау мен жаңғыртуға республикалық бюджеттен шамамен 10 млрд теңге бөлінген. Ол ақша толық көлемде «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнына аударылған. Деректер бойынша барлық қаражат толық игерілген. Жоспарланған нысандар құрылысына қаражат бөлінгенімен, оның алтауы іске аспай қалған. Бұл ретте оларға көзделген 5,8 млрд қаражат «Қазсушар» кәсіпорнының есепшотында жатыр. Алты нысан пайдалануға берілмей жатып, су басу қаупі азаюы ретінде сіздің министрлік айқындаған түпкілікті нәтижелердің бір көрсеткіші қалай орындаған? Егер 5,8 млрд теңге «Қазсушардың» қолма-қол ақшаны бақылау шотында қалған болса, бюджет қаражаты тиімді пайдаланды деп есептеуге бола ма?» - деп сұрады депутат.

Ауыл шаруашылығы министрі гидротехникалық құрылыс-жайларды реконструкциялау мен жаңғыртуға бөлінген бюджет қаржысының дұрыс игерілмегенін мойындады.

«Бұл жобаларды атқаруға 2016-2018 жылы 14,5 млрд теңге бөлінген, оның 11,1 млрд теңгесі игерілді. Игерілген қаржы нәтижесінде бүгінде 15 жобадан 9 жоба іске қосылды. Алты жоба кезінде қосылмай қалған. 2019 жылдың басында 2,4 млрд теңге игерілмеді. Дәл бүгінгі күні 1,4 млрд теңге игерілмей отыр. Қалған алты жобаның үш жобасын – шілдеде, екі жобаны – тамыз айында, қалған бір жобаны қараша айында іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз», - деді Омаров.

Министр жобалау құжаттары 3-4 жыл бұрын дайындалғанын және ескі болуы қаражаттың игерілмеуге себеп болғанын айтты. Осылайша құжаттарды қайта қарауға тура келген.

«Соларды қайтадан қарап, жаңадан бекітіп, ақшаларды игеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгінде игермеуге байланысты Су комитетінің және «Қазсушар» кәсіпорынынң бірінші басшылары қызметтерінен өз еркімен босатылды», - деп сөзін түйіндеді ведомство басшысы.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық