Министр: 532 мың адам цифрлық сауаттылығын арттырды

18 Ақпан 2020, 12:03
1482
Бөлісу:
Министр: 532 мың адам цифрлық сауаттылығын арттырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электрондық сауданы дамыту мәселелері қаралды. 

Жиын барысында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндама жасап, цифрлық кеңістікте жағдай жасау туралы айтты.

Қазіргі кезде сапалы интернетпен қамту, цифрлық сауаттылықты арттыру, қолма-қол ақша төлемдерін арттыру бойынша жұмыстар істелуде. Бүгінгі таңда 117 қала және 250 адамнан астам тұрғыны бар 3100-ден астам ауыл кеңжолақты мобильді интернетке қосылған. Жыл соңына дейін тұрғындар саны 250-ден асатын 1000-нан асатын ауылды жылдамдығы жоғары мобильді интернетпен қамту жоспарланған. Осы орайда барлық жұмыстар әкімдіктермен келісілді, - деді Асқар Жұмағалиев.

Оның сөзінше, 2021-2022 жылдары 250-ден аз тұрғыны бар 877 ауылды кеңжолақты интернетке 3G және 4G технологиясымен және қалған ауылды спутниктік интернет арқылы қосу жоспары бар. 

Сапалы интернеттің болуы халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға көмектеседі. Жалпы, бұл бағытта халықты оқыту бағдарламалары қайта қаралды және бекітілді. Өткен жылы әкімдіктер 532 мың астам адамды цифрлық сауаттылыққа оқытты. Ол бизнестің дамуына, жалпы халықтың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Интернет желісінің ұлғаюы және цифрлық сауаттылықтың артуы қолма-қол ақша төлемдерінің дамуына жол ашты. Осының нәтижесінде қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі 2,3 есеге өсіп, 14,5 трлн теңгені құрады, - деді министр. 

Оның айтуы бойынша, "Цифрлық технологияларды реттеу" жөніндегі Заң жобасында жедел төлемдер жүйесін енгізу көзделген. Соның арқасында қолма-қол ақшасыз төлемдер деңгейі одан әрі жоғары қарқынмен артады.

Өзгелердің жаңалығы