Министр: 12 ЖОО-ға айыппұл салынып, 1 университеттің ісі сотқа жіберілді

25 Қараша 2019, 11:29
12855
Бөлісу:
Министр: 12 ЖОО-ға айыппұл салынып, 1 университеттің ісі сотқа жіберілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Білім және ғылым министрлігі еліміздің жоғары оқу орындарын тексеруде. Бүгінгі таңда бағалау жүйесінің тізбесіне енген 13 университет тексерілді. Олардың 5-інде бұған дейінгі ескертулер жойылмағандықтан, 5 университеттің лицензиясы бір айға тоқтатылды. Сондай-ақ, 12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, 1 университет бойынша іс сотқа жіберілді. Жыл соңына дейін тағы 12 ЖОО бойынша бұрын берілген нұсқамалардың орындалуын тексеруді жоспарлап отырмыз. Бұзушылықтар қайта анықталған жағдайда, лицензиядан айыру және ЖОО жабу үшін құжаттар сотқа жіберіледі, - деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуына қарағанда, министрлік қазіргі уақытта, лицензия беретін орган ретінде, міндеттеріне жауапсыз қарайтын жоғары оқу орындарының лицензияларын кері қайтарып алуға құқық беретін заң нормаларын енгізу жоспарлануда.

Бұл бастама мемлекет басшысы тарапынан қолдауға ие болды. Қазіргі уақытта лицензияны қайтарып алу үшін сотқа жүгіну немесе қажет болған жағдайда барлық шағымдану процедурасынан өту керектігін естеріңізге саламын. Оған қоса, Премьер-Министрдің өкіміне сәйкес Үкімет жанынан жоғары оқу орындарын оңтайландыру комиссиясы құрылды. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына қойылатын біліктілік талаптарын да күшейтудеміз. Әсіресе лицензияларында педагогтерді даярлауға арналған қосымшалары бар жоғары оқу орындарына қосымша талаптар дайындауда. Олардың саны - 85, - дейді министр.

Сондай-ақ министр бүгінгі таңда көпбейінді университеттің барлығы мұғалімдер даярлайтынын, алайда олардың сапасы сын көтермейтіндіктен, қойылатын талаптарды күшейту арқылы мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отырғанын айтты. 

Олар басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай береді, ал педагогика бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін. Шамамен алғанда, әр аймақта мұғалімдерді даярлайтын 1 мықты ЖОО және Алматыда бірнеше оқу орны болмақ. Нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың бәрін қабылдай беру есебінен кейбір жоғары оқу орнына 100 адам түсіп, 800-ге жуық түлек бітіретінін атап өткім келеді, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Ол шетелде жарты жыл оқып, елге келіп білімін жалғастыратын студенттер туралы айтты.

Тағы бір жайт, биыл 37 мың студент таяу шетелдің ЖОО-да бір семестр немесе бір жыл оқыған соң қазақстандық шағын ЖОО-на ауысып келді. Ақпартақа сүйенсек, ҰБТ сертификатының талап етілуін айналып өту үшін талапкерлер құжаттарын шетелдік ЖОО жіберіп, бір семестр немесе бір жылдан кейін виртуалды түрде қазақстандық университеттке ауысып алатын тенденция да бар. 20-23 мыңға дейін студент оқитын және олардың көпшілігі, әдетте, сабаққа да бармайтын кейбір өңірлік жеке меншік ЖОО да бар. Сондықтан да Министрлік осындай жағдайлар мен жауапкершілігі төмен ЖОО қатысты қатаң саясат жүргізуде. Әлбетте, бұл шаралар барлығына бірдей ұнамай бермейтіні анық. Дегенмен, Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, Министрлік жоғары білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету саясатын одан әрі жалғастырады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы