Мемлекеттің кірістері мен шығыстарының сомасы белгілі болды

15 Маусым 2021, 11:28
2869
Бөлісу:
Мемлекеттің кірістері мен шығыстарының сомасы белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халық алдындағы есеп беру кездесуі кезінде айтты. 

Оның айтуынша, өткен жылы мемлекеттік бюджетке 9 трлн 751 млрд теңге кірістер түсті немесе жоспар 102,7%-ға атқарылды. 2019 жылмен салыстырғанда 62,7 млрд теңгеге өсті, яғни жоспар 100,6%-ды құрады.

Жергілікті бюджеттердің кірістері бойынша жоспар 108%-ға атқарылды немесе жоспарланған 2 трлн 955 млрд теңгенің орнына 3 трлн 191 млрд теңге түсті. Былтыр республикалық бюджетке 6 трлн 561 млрд теңге кіріс түсті немесе жоспар 100,3%-ға атқарылды. Кірістер бойынша жоспар 22 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар – 16 млрд теңгеге асыра орындалды, - деді ол.

Министрдің айтуынша, салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбаларды өндіру салығына және шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажына тиесілі болды. 

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,2%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 98,3%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,1%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 14 трлн 234 млрд теңге сомаға шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 241 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 224 млрд теңге Үкімет резерві бойынша үнемделген ақша және өзге де үнемдеу, - деді ол.

Министрдің айтуынша, игерілмегені - 15,8 млрд теңге. Оның негізгі себептері - өнім берушілердің шарт талаптарын бұзуы, төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу, орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау деп атап өтті ол.

Өзгелердің жаңалығы