Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру кәсіпкерлерді салық төлеуге ынталандырды

21 Тамыз 2020, 12:54
1701
Бөлісу:
Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру кәсіпкерлерді салық төлеуге ынталандырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік сатып алу заңнамасын жетілдіру ісі бір күндік компанияларға тосқауыл қойып, кәсіпкерлердің салық төлеуге деген ұмтылысын арттырған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов айтты.

Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу ісі коррупцияға бейім. Сондықтан оның алдын алу бағытындағы жұмыстар мен сатып алу ісін жетілдіру жалғасуда. Заңнаманы іске асырудың бірінші кезеңінде мемлекеттік сатып алу ісінің ашықтығын қамтамасыз ету маңызды болатын. 
Бүгінгі күні бұл талап 100 пайызға орындалды деп сеніммен айта аламын. Мемелекеттік сатып алуды жоспарлау мен төлемге дейінгі процестерді көпшілік куә болатындай деңгейге жеттік. Ендігі мәселе мемлекеттік сатып алуды орындаушының сапасын арттыру, - деді Сәбит Ахметов. 
Оның айтуынша, қағаз нұсқадан электрондық форматқа өту кезінде көптеген біліктілігі жоқ компаниялар да мемлекеттік сатып алуға қатысу фактісі жиіліп кетті. Оған тосқауыл қою мақсатында екі жыл бұрын қаржылық сәйкестік критерийі енгізілген болатын. Бұл құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алушыларға қолданыла бастады.
Критерий бойынша төрт сәйкестік тексеріледі, олар – компанияның кірісі, салық төлеу, қаржылық жағдайы мен еңбекақы төлеу қоры. Осы критерилер енгізілуі нәтижесінде, құрылыс саласында бір күндік компанияларға тосқауыл қойылды. Компаниялар үшін салық төлеу басты фактор бола бастады. Осының негізінде ерікті түрде 6 млрд-қа дейін салық төленген. Олардың арасында 2016, 2018 жылдың салықтары да бар, - дейді ол.
Сондай-ақ, Сәбит Ахметов аталмыш критерилер 1 маусымнан бастап мемлекеттік сатып алудың барлық түріне енгізілгенін атап өтті.


Өзгелердің жаңалығы