МСҚ 1250-ден астам медициналық ұйыммен келісімшарт бекітті

3 Сәуір 2020, 15:23
2399
Бөлісу:
МСҚ 1250-ден астам медициналық ұйыммен келісімшарт бекітті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Медициналық сақтандыру қоры 2020 жылы республика бойынша 1 250-ден астам медицина ұйымымен келісімшарт бекітті, оның 600-ден астамы – жеке меншік ұйым. 

Бұл туралы Алматы қаласы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ филиалының директоры Нұрлыбек Қабдығапаров брифингте айтты.

Сонымен қатар, ол ҚР президентінің тапсырмасын орындау аясында 1 шілдеге дейін сақтандырылмаған азаматтардың МӘМС жүйесіне медициналық көмек алу құқығын ұзарту туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

Сәуір айынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толыққанды іске қосылуы тиіс болатын. Бірақ мемлекет басшысының коронавирус індетіне байланысты берген тапсырмасына сәйкес, бұл мерзімді 1 шілдеге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Яғни, осы уақытқа дейін Қазақстанның барлық тұрғыны шартты түрде сақтандырылған болып саналады, - деді ол.

Сонымен қатар, ол бұл елде тұратын әрбір азаматтың тегін медициналық көмек түрлерін ғана емес, медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді де пайдалануына мүмкіндік беретінін айтты. Жалпы алғанда, бұл мүмкіндікті 2,5 миллионнан астам адам пайдалана алатын көрінеді. 

Қор өзінің ішкі резервінен 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Ол сақтандырылмаған азаматтардың компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография, ПЦР сынды қымбат анализдерге деген сұранысын қанағаттандыруға жұмсалмақ. Қазір елімізде барлығы 16,4 миллионға жуық адам сақтандырылған болып саналады. Оның 11 миллионға жуығы әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттар. Яғни, халықтың жартысынан көбі бюджет есебінен сақтандырылып отыр, - деді Қабдығапаров. 

Сондай-ақ, ол Медициналық сақтандыру қоры 2020 жылы республика бойынша 1 250-ден астам медицина ұйымымен келісімшарт бекіткенін, оның 600-ден астамы жекеменшік ұйым екенін айтты. 

Жеткізушілермен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 1,3 трлн теңге. Ал, Алматы қаласы бойынша биыл 182,2 млрд теңгенің қызметін сатып алу көзделген. Оның 110,7 млрд теңгесі тегін медициналық көмек пакетіне, 71,4 млрд теңгесі сақтандыру пакетіне тиесілі, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы