Маңғыстаулық медицина қызметкерлері алғаш болып вакцина салдырған – эпидемиолог

13 Шілде 2021, 13:29
4260
Бөлісу:
Маңғыстаулық медицина қызметкерлері алғаш болып вакцина салдырған – эпидемиолог

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Бірінші байлық» бағдарламасында эпидемиолог Марал Қадыр айтты.

Облыстағы жедел жәрдем қызметкерлері, дәрігерлер, қабылдау бөлімінің қызметкерлері алғаш болып вакцина салдырды. Оның ішінде эпидемиологтар да болды. Біз де вакцина алдық. Вакцинация басталған кезде таңдау болған жоқ. Тек Спутник V вакцинасы болған соң, барлығымыз осы вакцинаны салдырдық, - деді ол.

Марал Қадырдың айтуынша, халық арасында иммуно-профилактикалық түсінігі төмен адамдардың үрейі мен күдіктерінің болуы заңды. Әсіресе, ол жаппай вакцинациялау кезінде пайда болуы мүмкін.

Бізде ешқандай күдік болған жоқ. Себебі тәжірибеге енбес бұрын кез келген вакцинаның теориялық құрамы, дайындалу жолдары әлемдік деңгейде талдаудан өтеді. Ол талданып, мақұлданп, клиникалық зерттеулерден өтіп барып тәжірибеге енгізіледі. Біз бастаған кезде вакцина 2 клиникалық зерттеу кезеңінен өтті. Бұған дейінгі алған адамдардан да ешқандай жанама әсер, асқынулар байқалмады. Сондықтан да біз де салдырдық, - деді эпидемиолог.

Маңғыстау облысы бойынша жалпы медицина қызметкерлерінің саны 10 мыңнан асады. Оның ішінде 9 376 вакцина алушылар санатына кіреді. Бүгінде екпе алғандар саны 7 206 ақ халатты абзал жандарды құрайды. 77%-ға жетіп отыр.

Айта кетейік, облыста коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырғандар саны 4 есеге артқан. Маңғыстау облысы бойынша вакцина алғандардың жалпы саны 121 515 адамды құрап отыр. Оның ішінде бірінші компонент алғандар саны - 80119 адам, ал екінші компонент алғандар саны - 41396 адам.

Бұған дейін эпидемиолог Марал Қадыр Маңғыстауда вакцинация бойынша қандай түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы айтты.

Өзгелердің жаңалығы