Маңғыстау өңірі 100% сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі – Мамин

5 Қазан 2021, 10:48
3293
Бөлісу:
Маңғыстау өңірі 100% сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин хабарлады. Сондай-ақ ол Маңғыстау облысының дамуына бағытталған Кешенді жоспар өңірдің дамуына жаңа серпін беретіндігін алға тартты.

Кешенді жоспар іске асырылатын 5 жылда 2,1 трлн теңге сомасына 214 іс-шара орындалады. Аталған кезеңде өңір экономикасы 32%-ға өседі. Жалпы таяудағы жылдары мұнай-газ секторын, өңдеу өнеркәсібін, туризмді, көлік пен логистиканы және тағы да басқа салаларды дамыту – негізгі міндетке айналмақ, - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сондай-ақ әлеуметтік, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жобалары іске асырылады.

Қабылданған шаралар есебінен өңір тұрғындарының 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп көлемін 27%-ға өсіруге, халықтың нақты табысын 40%-ға ұлғайтуға яғни халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын шын мәнінде жақсартуға мүмкіндік береді, - деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар Премьер-министр Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірге жаңа жұмыс орындарын құру мәселелерін, еңбек қатынастары мәселелерін шешуді ерекше бақылауға алуы қажеттігін айтты. Кәсіпорындарда еңбекақы төлеу мен еңбек жағдайларында теңсіздікке жол берілмеуі тиіс деп отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысын газбен қамтамасыз етуге 266 млрд теңгеден астам қаржы бөлінетіні туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы