Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин жұт жайлаған нақты аймақтарда төтенше жағдай жариялауды ұсынды.
Теңіздер мен өзендердің тартылуы, жауын-шашынның нормадан аз түсуі көптеген аймақтың, соның ішінде Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының ауыл шаруашылығына қиындық туғызып отыр. Әсіресе, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында ата-бабамыздан қалған асыл мұраның бірі – төрт түлік малды ұстап отырған шаруашылықтар мен тұрғындар аса ауыр жағдайда. Елде орын алған су тапшылығы мен қуаңшылық жайылымдық жерлердің жағдайын кетірді. Осы жағдай тиісінше малдың шығынына әкелді, - деді депутат Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.
Ол осы ретте нақты статистикаларды келтірді. 2020 жылы Маңғыстауда 4883 мал басының өлімі тіркелсе, биыл бірінші тоқсан қортындысы бойынша 1332 бас мал өлген.
Бұл мәлімет тек сырғаланған, тіркелген мал шығыны бойынша ғана, ал облыстағы малдың 56%-ын құрайтын қалың бұқараның қанша малы қырылғаны белгісіз. Мұндай жағдай Қызылорда облысында да тіркеліп, 481 бас мал өлген. Осындай жағдай мал азығының бағасын еселеп көтеріп жіберді. Маңғыстауда бір түк шөптің бағасы 17 мың теңге болса, бір кг арпаның бағасы 95 теңгеге жетті. Ал көршілес Ақтөбе облысында сол бір түк шөп 4 мың теңге тұрады. Бағаны көтеріп отырған жол шығындары және осыдан пайда көріп қалайын деп отырған делдалдар, - дейді Еділ Жаңбыршин.
Ол бұл зауалдың кесірінен қаншама отбасы ауыр жағдайға ұшырағанын, қаншама шаруашылық жер сипап қалғанын айтып отыр.
Жалпы болып жатқан жағдай әр өңірдің ерекшеліктерін ескерген, ғылыми зерттеулерге негізделген, еліміздің мал шаруашылығын дамытуға және оның азығын дайындауға арналған жүйелі-жоспарлы жұмыстың жоққа жақын екенін айқын көрсетіп отыр. 21 ғасырда космосты игеріп, Австралия мен Канададан асыл тұқымды мал алдырып, дүниенің бәрін цифрландырып жатқанда, малға азық тауып бере алмай жатқанымыз өте ұят! Қазақ атымызға сын емес пе?! - деді мәжілісмен.
Депутат жұт жайлаған нақты аймақтарда төтенше жағдай жариялауды сұрап, бірнеше ұсыныс айтты.
• Қалыптасқан жағдайларға байланысты жұт жайлаған нақты аудандар мен аймақтарда шұғыл түрде жергілікті дәрежедегі төтенше жағдай жарияланып, оларға тиісті бюджеттік көздерден және материалдық қорлардан нақты көмектер көрсетілуі тиіс;
• Зардап шегіп жатқан аудандарға мал азығын жеткізу үшін көрші облыстардан тасымалданатын мал азығының жол шығындарын субсидиялап, тиісті әкімшілік-басқару шараларын іске асыру қажет;
• Қуаңшылықтан қиындық көріп отырған өңірлерге басқа облыстардан тез арада мал жаюға және мал азығын дайындауға жер телімдері уақытша пайдалануға беру;
• Мұндай жағдай алдағы уақытта орын алу ықтималдығын ескеріп, мал шаруашылығымен айналысатын тұлғаларға жедел көмек көрсету, сақтандыру, аймақаралық қатынастарды жүйелеудің нақты, кешенді механизмдері мен алгоритмдерін жасақтауы тиіс.