Мал экспортын шектеу: Төлеутай Рахымбеков айқай шығарып жүргендердің артында кім тұрғанын айтты

20 Ақпан 2020, 15:43
5113
Бөлісу:
Мал экспортын шектеу: Төлеутай Рахымбеков айқай шығарып жүргендердің артында кім тұрғанын айтты
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков ауыл шаруашылығы саласындағы проблеманы, оны дамытудың түрлі тәсілдерін жақсы білетін еліміздегі мамандардың бірі. Жақында "Қазақстан АӨК өңдеу кешендерін қалыптастыру және дамыту" тақырыбында диссертация жазған экономика ғылымдарының кандидатымен сұхбаттасудың сәті түсті.

Жақында "Қазақстанның ет одағы" бірлестігінің басшысы Асылжан Мамытбеков ауыл шаруашылығы министрлігінің мал экспортын шектеу туралы шешіміне қарсылық білдірген болатын. Ал Төлеутай Рахымбеков министрліктің бұл бастамасын қолдайтынын, айқай шығарып жүрген мал экспортымен айналысатын лицензиясы бар 6-7 компания деп отыр.

Тілші: Сіз Аргентинаның ауыл шаруашылығы саласындағы Ұттық аграрлық технологиялық институты деңгейі бізден әлдеқайда алда кетіп қалғанын айтып жүрсіз. Осы ретте олардың бұл салада қандай жетістіктері бар?

Төлеутай Рахымбеков: Өткен ғасырдың 50-жылдарының ортасында Аргентина көптеген азық түлікті шетелден импорт ретінде әкелетін. Сосын осы мәселені сараптап, талдаған. "Ауыл шаруашылығын, азық-түлікті өндіру саласын қалай көтереміз" деп, басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерттеген. Сөйтіп, аграрлық ғылымды қолға ала бастады. Осыған көптеп көңіл бөлінді. Ауылшарушалық саласына инновация тезірек жеткізу керек деген шешімге келді. Сол кезде INTA (Ұлттық аграрлық технологиялық институты) деген ұйым құрылды. Бұл біздегі Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының балама түрі. Содан бастап Аргентина бірте-бірте ауыл шаруашылығын көтере бастады. Бүгінгі күні Аргентинада екі-ақ субсидия түрі бар, ал Қазақстанда 50-ге жуық субсидия қарастырылған. Біреуі жанар-жағармайға 50 субсидия, екінші инновация енгізгендерге беріледі. Бұл жерде тауар өндірушілердің шығындарының 50%-ын жауып береді. Соның арқасында 80-жылдардан бастап, Аргентина ауыл шаруашылығы саласы бойынша әлемдегі алғашқы бестіктің қатарына кірді. Осы күні дәнді дақылдар, майлы дақылдар және ет экспорты бойынша әлемдегі үздіктер қатарында. Инновацияны қолға алғанның арқасында осындай деңгейге жетіп жатыр. Дәл сондай жағдай Бразилияда, дәл сондай жағдай Бразилияда қайталанып отыр.

Тілші: Аргентина мен Бразилияда – Латын Америкасында орналасқан ел. Израиль Еуропадағы мемлекет емес пе? 

Төлеутай Рахымбеков: Израильдің ауыл шаруашылығының қарқынды дамығанының екі себебі бар: біреуі – ауыл шаруашылығына инновацияны тікелей енгізгеннің арқасы, екіншіден – кооперация. Израильдің жалпы 2,2 млн га жері бар, былайша айтқанда 22 мың шаршы километр. Бізден 135 есе аз. Ауыл шаруашылығымен айналысатын жердің көлемі – 440 мың га. Бұл біздің солтүстіктегі облыстардың бір ауданымен ғана шамалас. Соның 200 мың га – егін шаруашылығына арналған. Соның жартысын сеткімен жауып тастаған (жылыжай ретінде). 

Тілші: Сіз айтып отырған елдердің географиялық ерекшелігінен басқасы бізден өзге емес пе?

Төлеутай Рахымбеков: Мен сіздің сұрағыңыздың түпкі мәнін түсініп отырмын. Бұл жерде климат, географиялық орналасуы маңызды емес. Жалпы, механизм, ұйымдастыру құрылымы. Жарайды, Бразилияға қатысты келісемін, ол жақта джунгли секілділер бар. Ал Аргентинаның 70% жері Қазақстанға ұқсас. Бұл ел Антарктидаға жақын орналасқан.

Тілші: Аграрлық ғылымды дамыту үшін не істеу қажет?

Төлеутай Рахымбеков: Ең алдымен қаржыландыру тәртібін өзгерту керек. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, дайындық жұмыстарына 2 жылдай уақыт қажет. Басты инженерлік жоспарды әзірлеуге 3 ай, оны ауыл шаруашылығы министрлігінде мақұлдауға 3 ай, қаржылық-экономикалық негіздемені әзірлеп, оған мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығында бекіту 12 ай уақытты алады. Оған қоса бюджеттік процедуралар мен республикалық бюджетті қабылдауға дейін тағы 9 ай керек. Басты инженерлік жоспар әзірленіп, республикалық бюджет бекітілгенше, техника мен құрылғылардың бағасы қымбаттап кетеді. Соңғы екі жылда аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі үш есе артып, әртүрлі қаражат көздерінен бұл бағытта 17,5 млрд теңге бөлінген. Сөйтіп, жалпы ішкі өнімнің ғылымға бөлінетін үлесі 0,12%-дан 0,35%-ға артыпты. АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2021 жылға қарай бұл үлес ЖІӨ-нің 0,5%-ына теңесуі тиіс. Ал 2030 жылға қарай ЖІӨ-нің 1%-ы ғылымға бөлінеді.

Тілші: Қаңтар айында министрлік Қазақстанда тірі малдың экспортына тыйым салды. Осыған көзқарасыңыз қалай?

Төлеутай Рахымбеков: Өте дұрыс шешім. Екі қолыммен қолдаймын. Неше түрлі себептерін айта аламын: бастысы, Қазақстанда 2018-2019 жылдары күз мезгілінде азық-түлік бағасы күрт өсе бастады. Бұл тәуелсіздік алған 30 жылға жуық жылдың ішінде болмаған жағдай. Күз дегеніміз – бидай, көкөніс майлы, дәнді-дақылдарды жинайтын кез. Күздік басталады, мал сойылатын уақыт. Бұл мезгілде әдетте баға түсетін, бірақ бізде соңғы екі жылда көтерілетін болды. Яғни, спекулятивтік күтім. Өйткені "экспортқа шығады" деген көп әңгіме болып кетті. Саудамен айналысатындар адамдар бағаны көтере бастады. Қазақстан ет одағының басқарма төрағасының сөзіне сенсек, жылына 63 мың тонна ет экспортталады. Еліміз жылына импортты қосқан 1 млн 200 мың тонна ет тұтынады. 63 мың тонна экспорт – сонда 5% ғана. Меніңше, 5% ішкі нарыққа әсер етпеуі тиіс. Сондықтан әңгімені тоқтату үшін малдың экспортына уақытша шектеу қойды. Бұл дұрыс деп санаймын. Себебі, баға өсіп кетті. 24 қаңтарда президентте үкіметтің кеңейтілген отырысында "азық-түлік бағасының 10%-ға өсуі не сұмдық" деп айтты. Екінші себебі – 2018 жылы сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі (Асылжан Мамытбеков – тілші): "бізде мал жетіспейді, импортпен әкелейік" деген болатын. Енді ет одағына барғаннан кейін "экспортқа шығаруымыз керек" дей бастады. Сонда қай жерде расын айтты. Үшіншіден, сол кісілердің айтуымен импортпен шетелден тірі бұқаны әкелдік. Әрқайсысына 225 мың теңге субсидия төледік. Қазір сол бұқалар Өзбекстанға кетті. Субсидияны сонда Өзбекстанға бергеніміз бе? Үкіметтің ақшасы босқа кетіп отыр ғой. Төртінші себебін айтайын, қарсы шыққан адамдар фермерлерге "қиындық тудырады" деген сылтаумен шектеледі. "50 сиыры бар адам Өзбекстан шекарасына малын айдап апарып сатып жүр" дегенге кім сенеді. Оның үстіне, малды шекарадан шығару үшін ветеринарлық рұқсат керек. Қазақстанда мұндай лицензияда 6-7 компанияда бар. Бұл айғай солардың тарапынан болып отыр. Өздерінің пайдаларын ойлап отыр. Шалғайда жатқан ауылдардың шаруалары экспорт кезінде бір тиын пайда көрмейді.

Тілші: Өзбекстан неліктен Қазақстан малына қызығушылық танытып отыр?

Төлеутай Рахымбеков: Олар ауыл шаруашылығын дамытамыз деп, арнайы бағдарлама қабылдаған. Пайызсыз несие бере бастады.

Тілші: "Қазақстанда 50-ге жуық субсидияның түрі бар" деп айтып қалдыңыз. Осыған өзгеріс жасау қажет пе?

Төлеутай Рахымбеков: Әрине, қысқарту қажет. Кез келген шаруамен сөйлессең, "бірінші қандай проблемаң" бар десең, айналым ақшаны айтады. Көктемгі дала жұмыстарының алдында фермерлерден "не қажет" деп сұрасаң, жанар-жағармай деп жауап береді. "Неге алмайсың" десең, бірінші ақша жоқ екенін айтады. Тұқымның өзі екінші түрін алады. Демек, былтырғы жылғыларды қолданады. Тыңайтқыш туралы ойлауға шамалары жоқ. Техника жабдық деген бесінші кезек. Осының бәрі бірге болмай, көлемді астық ала алмаймыз. Ең бірінші кезекте арзан 2-4% пайыз көлеміндегі несие керек. Соның жағдайын жасау керек. Сосын жанар-жағармайдың бағасын күрт арзандату қажет.

Тілші: Бұған Қазақстанның мүмкіндігі бар ма?

Төлеутай Рахымбеков: Толығымен шамасы жетеді. Бүгінгі 300 млрд теңге субсидияны бірінші сыйақыны арзандату, екінші жанар-жағармай бағасын төмендету, үшіншіден мал шаруашылығының ең басты шығыны мал азығына жұмсау қажет.

Тілші: Қазақстанда қандай мал шарушалығын дамыту керек?

Төлеутай Рахымбеков: Қай шаруашылықтың перспективасы бар деп сұрап отырсыз ғой. Қой, жылқы және шошқа мен құс шаруашылығын дамыту қажет. Оның ішінде ет құсын айтып отырмын. Біз жылына 150 мың тоннаға дейін импорт келеді. Қой шаруашылығы – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміз. Екіншіден, өте тиімді. Соның ішінде марқа етін сатсақ, пайда табарымыз анық. Шошқаны айтып отырғаным, бір жылда елуге дейін торапай туады. Өсуі тез, салмақты да жылдам жинайды. Сосын, оның азығы дайын ғой. Бізде бидай жеткілікті. Оның төртінші және бесінші сорттарын бере беруге болады. Шошқа етін Қытай мен Ресейге экспорттауға болады.

Өзгелердің жаңалығы