Мәди Такиев: Жыл соңына қарай кішігірім экономикалық өсімге шығамыз

8 Шілде 2020, 17:06
2061
Бөлісу:
Мәди Такиев: Жыл соңына қарай кішігірім экономикалық өсімге шығамыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Карантиндік шараларды күшейту кезеңінде қабылданатын шаралар туралы" өткен онлайн брифинг барысында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев айтты.

Экономикаға қатысты болжам сәуір айының басында нақтыланған болатын. Ол кезде біз консервативті болжам жасап, біркелкі мәліметтер келтірген едік. Бүгінде жаһандық экономикада теңдессіз өзгешелік байқалады. Коронавирус пандемиясының таралуы, сауда соғысы, протекционизм және энергоресурстарға деген бағаның айтарлықтай төмендеуі салдарынан жаһандық экономиканың соңғы жүз жылда болып отырған ең ірі қысқартуы осылай көрінуде. Қазір бес айдың нәтижесі бойынша қызмет көрсету секторы 6,2%-ға төмендеді, ал тауар өндірісі динамикасын сақтауда. Өндірістік сектордағы өсім көлемі – 4,8%. Бұл - бес айдағы нақты сандар көрсеткіші, - деді ол.

Мәди Такиев брифинг барысында шектеу шараларының экономикаға әсеріне де тоқталды.

Шектеу шаралары 14 күнге созылған және ол төтенше жағдай режимінен өзгешелеу. Мысалы, теміржол, әуе қатынасы, жүк тасымалы, құрылыс, кішігірім азық-түлік емес дүкендер жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ, өзге де экономикалық ерекшеліктер бар. Яғни, біздің елде белгілі бір қызмет көрсету орындары жұмысын жалғастырып жатыр. Оның үстіне көптеген қолдау шарасы қолға алынған. Мысалы, салықтан босату жеңілдіктері 2020 жылдың 1 қазанына дейін созылған. Жалпы, қызмет көрсету секторы қарқын ала бермек. Өндіріс секторындағы динамика жоғары. Осыған байланысты жыл соңына қарай біз кішігірім өсімге шығамыз деп айтуға толық негіз бар, - деді Такиев.

Өзгелердің жаңалығы