Лукашенконың Қазақстанға ресми сапарында қандай мәселелер талқыланады

21 Қазан 2019, 17:10
2676
Бөлісу:
Лукашенконың Қазақстанға ресми сапарында қандай мәселелер талқыланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 24-25 қазанда Белорусь Республикасының президенті Александр Лукашенконың Қазақстан Республикасына ресми сапары өтеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. 

"Беларусь президентінің сапарын өткізудің негізгі мақсаты – екі мемлекет арасындағы қатынастарды қарқындату, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге баса назар аудара отырып, өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша дәстүрлі Қазақстан-Беларусь байланыстарына қосымша серпін беру. Келіссөздер барысында халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша сыртқы саяси бағыттағы өзара іс-қимыл мәселелері, интеграциялық бірлестіктер мен көпжақты ұйымдардағы екі елдің қызметі, сондай-ақ Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының одан әрі дамыту перспективалары талқыланады. Тараптар сауда-экономикалық, транзиттік көліктік, отын-энергетикалық ынтымақтастықты, өнеркәсіптік кооперацияны, IT және жоғары технологиялар саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің бірлескен тәсілдерін қарастырады", - деді Смадияров. 
СІМ ресми өкілі келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдап, ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы бірқатар екіжақты келісімге қол қоятынын айтты. 
"Сапар аясында "Қазақстан-Беларусь" бизнес форумы өтіп, оның барысында кәсіпкерлік қоғамдастықтың алдында тұрған перспективалық міндеттер талқыланады. Қазақстан мен Беларусь бизнес құрылымдары арасында жаңа байланыстар орнатылады деп жоспарланып отыр. Бұл сапар ҚР сыртқы саясат мүдделеріне жауап береді және Қазақстанның екіжақты дәстүрлі достық қарым-қатынастарын нығайту мен дамытуға деген қызығушылығын растайды", - деп мәлімдеді ол.
Бұған дейін 24-25 қазан күндері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруы бойынша Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко Қазақстан Республикасына ресми сапармен келетінін хабарлағанбыз.
Өзгелердің жаңалығы