Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері заңсыз сайланған – Ұлттық бюро

18 Қаңтар 2019, 11:56
7509
Бөлісу:
Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері заңсыз сайланған – Ұлттық бюро

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ғылым комитетінің жұмысынан заңды бұзу деректері анықталды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаев мәлімдеді.

Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтің басшылығымен ҚР БҒМ Ғылым комитетінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жасау бойынша селекторлық кеңес өткізілді. 

Жиында Данияр Сабырбаев отандық ғылымды қаржыландыруда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталғанын айтты.

«Агенттік өткен жылдың қыркүйегінде ғылым комитеті қызметіндегі жемқорлық тәуекелдерге сараптама жүргізді. Нәтижесінде келесі жемқорлық тәуекелдер анықталды: комитет басшылығы тарапынан әлсіз ведомстволық бақылау байқалады. Бұл комитет қызметшілері тарапынан да, бағынышты ұйым қызметкерлері тарапынан да көптеген заңнама бұзушылыққа алып келеді. Комитет жұмысындағы негізгі жемқорлық тәуекелдер ұлттық ғылыми кеңестер қызметін үйлестіруде байқалады. Олардың негізгі қызметтері республикалық бюджет есебінен гранттар бойынша шешім қабылдау», - деді ол.

Сонымен қатар ол тексеріс  барасында келесі проблемалар анықталғанын жеткізді.

«Біріншіден, қазіргі ғылыми кеңестердің құрамы заңнаманы өрескел бұза отырып жасақталған. Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереженің 11 тармағына сәйкес олардың құрамына ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілерінің басшылары, олардың орынбасарлары, бір ұйымнан бірден артық қызметкер кірмеуі қажет. Дегенмен, бұл талап сақталмаған», - деді Данияр Сабырбаев. 

Осы орайда директор сөзіне дәлелдер келтірді.

«Мәселен, Ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар, табиғи ғылымдар саласындағы ғылыми зерттеулер бағытындағы ұлттық ғылыми кеңес төрағасы Қалимолдаев Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының директоры қызметін атқарады. Ғылым бағытындағы Ұлттық ғылыми кеңестің құрамына Ұлттық биотехнология орталығының екі қызметкері кіреді. Сондықтан Ұлттық ғылыми кеңестің қазіргі құрамы заңсыз деп есептейміз. Комитет аталған заң бұзушылықты жою үшін ешқандай шара қабылдамай отыр», - деді ол.

Оның пікірінше, бұл мүдделер қақтығысына алып келеді. 

«Ол кеңес шешімдерімен дәлелденген. Мәселен, бас директоры Қалимолдаев болып отырған Ақпараттық және есептеу технологиялары институты 1 млрд 384 млн теңге немесе бұл бағытта бөлінген барлық қаржыландырудың 24% алып отыр. Сонымен қатар аталған институтқа 447 млн теңгенің 16 жобасы мақұлданған», - деп түйіндеді сөзін Данияр Сабырбаев.

Дәурен Ерболат

Өзгелердің жаңалығы