Бас жаңалықтар
Ломбардтар Қазақстан талабын бұзып отыр – депутат
28 Қаңтар 2021, 12:28 287

Ломбардтар Қазақстан талабын бұзып отыр – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Андрей Лукин ломбардтар мен микроқаржы ұйымдарының жұмысына қатысты олқылықтарға және қазіргі нормалардың дұрыс орындалмауына байланысты ондаған мың қазақстандықтың зардап шегуге мәжбүр болып отырғанын айтып, алаңдаушылық білдірді.

Осыған орай депутат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сауал жолдап, қазіргі таңда ломбардтар өз жұмысын бастағаны туралы мемлекеттік органдарға ескертпеуге құқылы екенін атап өтті. 

Бұл олардың қызметі Агенттік тарапынан бақыланып, реттелмейді деген сөз. Осындай ломбардтарды тексеру мүмкіндігінің жоқтығына байланысты оларға қатысты қандайда бір әкімшілік шара қолдану да мүмкін емес.Сонымен қатар мұндай қаржы ұйымдарының қызметіне бақылау жүргізуге міндетті кейбір мемлекеттік органдар еш іс-әрекет жасамай отыр. Мұның бәрі түрлі қаржы пирамидаларының пайда болуына жол ашатыны сөзсіз, - деді депутат.
Ол жекелеген қаржы ұйымдарының салдарынан 17 мыңдай азамат зардап шеккенін айтты. 
Келтірген шығын көлемі 21 млрд теңгеден астам. Қазіргі таңда еліміздің 14 өңірінде алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қатысты 32 қылмыстық іс тергелуде. Осыған дейінгі заңнамаларға жүргізілген мониторинг нәтижесінде өкілетті органдар қабылдаған бірқатар айтарлықтай жеңілдік ломбардтардың тиісті органдар тарапынан бақылаусыз жұмыс істеуіне әкеліп соқтырған. Қазіргі қалыптасып отырған жағдайдың да басты себебі осы, - дейді Андрей Лукин.

Сондықтан ол микроқаржы ұйымдарының қызметін бақылау үшін бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастырудың маңызы зор деп есептейді. 

Сондай-ақ кепілге қойылған мүлікті оның иесіне автоматты түрде ескерте отырып, жария сауда өткізетін платформа қажет. Тіркелмеген барлық ломбард заңды түрде қайтадан құрылуға немесе мүлдем жабылуға тиіс, - деді сенатор.

Ол займ берген кездегі комиссия көлемін регламенттеуге және қауіпсіздік пен техникалық жабдықтауға қойылатын талаптарға қатысты заңнамаларды жетілдірудің маңызды екенін айтты.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...