«Қызыл» аймақ. Індеттен емделіп жатқандардың жағдайы қалай?

18 Шілде 2021, 10:17
2872
Бөлісу:
«Қызыл» аймақ. Індеттен емделіп жатқандардың жағдайы қалай?

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңір дәрігерлері КВИ індетін жұқтырған науқастардың саны артып келетінін айтып дабыл қағуда. Соған қарамастан тұрғындардың көбі екпеге қарсы жалған ақпарат таратуды тоқтатар емес. Халыққа вакцинацияға қатысты дұрыс ақпарат жеткізу мақсатында БАҚ өкілдері, блогерлер, қоғам қайраткерлері үшін коронавируспен күрес орталықтарына баспасөз туры ұйымдастырылды.

Жаңа инфекциялық стационарда және тубдиспансер базасындағы КВИ бөлімшесіндегі «қызыл» аймаққа барлық сақтық шараларын сақтай отырып кіруге рұқсат етілді.

Жұқпалы аурулар ауруханаларының медициналық қызметкерлері қатаң жұмыс кестесіне қарамастан аймақ тұрғындарына қорқынышты статистика миф пен фантастика емес, өмір шындығы екенін дәлелдеуге тырысты.

Күніне сегіз сағат бойы обаға қарсы костюмде жүретін дәрігерлер мен медбикелер адам өмірін сақтап қалуға бар күштерін салуда.

Санитарлық қызмет өкілдерінің айтуынша, өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда Ақмола облысында КВИ індеті үш есе өсті. Қазір 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, аллергиясы немесе созылмалы аурулары бар адамдарға қауіп төніп тұр. Өйткені, олар үшін вакцинация жоқ. Адамдардың бұл санатын тек ұжымдық иммунитетпен қорғауға болады. Бірақ, облыс орталығында 780 мыңнан астам адамның 140 мыңға жуығы ғана егілсе, ол қайдан пайда болады? Егер өткен жылдың алты айында 143 бала коронавирустан емделсе, осы жартыжылдықта педиатрлар екі мыңнан астам кәмелетке толмаған бала ауыр жағдайда тіркелгенін растайды.

Пациенттердің 68%-ы стационарға ауыр жағдайда түседі. Әсіресе балалар, жұмысқа қабілетті ересектер, сондай-ақ жүкті әйелдердің індетті жұқтыруы жиілеуде. Тек соңғы аптада ауырғандар саны екі еседен астам өсті. Өлім жағдайлары жиілеп кетті. Алайда, халықтың көп бөлігі әлі де вакцинацияның тиімділігіне күмәнмен қарайды және карантин режимін сақтамайды. Қазіргі уақытта дәрігерлер қауіпті індетпен күресуді жалғастыруда. Бірақ мұндай динамикамен болжам жасау қиын. Дәл қазір вакцинация біз үшін өте маңызды!, – дейді Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жаров.
«Қызыл» аймақ. Індеттен емделіп жатқандардың жағдайы қалай?

Пандемияда ауру деңгейі жоғары болған кезде жедел жәрдем дәрігерлеріне көп күш түседі Баспасөз туры барысында облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Александр Высоцкий олардың қажырлы еңбектері туралы айтып берді.

Өткен жылмен салыстырғанда ауруханаға жатқызылғандар саны 54%-ға өсті. Оның ішінде ауыр халдегі пациенттер екі есе көп болды. Маусым айында КВИ-ге күдікпен 3800-ге жуық адам жеткізілді. Бүгінде шақырулардың өсуі бір жарым мыңды құрайды. Күн сайын облыс орталығының 400-ге жуық тұрғыны жедел жәрдемге жүгінеді, олардың 40-45-і ағзада коронавирустық инфекция бар деген күдікпен хабарласады, – деп бөлісті облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Александр Высоцкий.

Өңірде 68 медициналық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Барлық қызметкерлер жеке қорғану құралдарымен, дәрілік заттармен және медициналық көмек көрсету үшін қажетті аспаптармен қамтамасыз етілген. Өткен жылы жүктеменің артуына байланысты қосымша реанимобильдер сатып алынды.

Бірақ инфекцияның таралуымен денсаулық сақтау қызметкерлеріне қойылатын талаптар да өсті. Медициналық қызметкерлердің жедел жәрдем көлігін тексеруге, пациенттерді ауруханаға жатқызуға және одан кейін дезинфекциялауға бір сағатқа дейін уақыт кетеді. Операторлардың өтініш білдірген азаматтармен сөйлесу тәртібі де өзгерді. 103 нөміріне қоңырау шалып, аурудың белгілері мен пациенттің жағдайынан басқа, қызметкерлер науқастың адамдар көп жиналған іс-шараларға қатысқан-қатыспағанын, басқа өңірлерге шыққан-шықпағанын анықтау үшін сұрақтар қояды.

Скептицизм мен немқұрайлылықтың неге әкеліп соғуы мүмкін екендігін қорқынышты індеттің қасіретін өз бастарынан кешірген пациенттер ғана айта алады.

Мен пандемия туралы айтылған шындыққа сенбедім. 76 жастамын. Ауырғанға дейін бұл вирус соншалықты қорқынышты емес деп ойладым, бірақ көріп отырғандарыңыздай, бұл ауру маған да жетті. Мен мұнда 30 маусымда ауыр жағдайда түстім және әлі де өздігімнен дем ала алмаймын, – дейді пациент Сұлтан Махамбетов.

Дәрігердің талабы бойынша әңгіме үзілді. Ер адам өзін жақсы сезінсе де, сөйлесу әлі де қиын.

Мен мерекеде жүріп індет жұқтырдым. Жасым 69-да. Іс-шарада 40-қа жуық адам болды, маған бұл көп емес сияқты көрінді және қорқынышты ештеңе болмайды деп ойладым. Бірақ келесі күні мені ауыр халде ауруханаға жатқызды, - деп бөлісті Мария Смакова есімді пациент.

Көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда, жүкті әйелдерге коронавирусты жұқтыру мүмкіндігін азайту үшін өзін-өзі оқшаулаудың қатаң режимі ұсынылады. Тест оң нәтиже көрсеткен болашақ аналар перзентхана блогына орналастырылады.

Әрине, мен болашақ нәрестем үшін көп алаңдайтынмын. Мені 1 шілдеде ауруханаға жатқызып, шұғыл түрде кесарь тілігін жасады. Балам аман-есен дүниеге келді, қазір балалар ауруханасының бақылауында. Екі апта өтті. Бірақ мен нәрестемді қолыма да ұстамадым, - деп көзіне жас алды Шынар Қуанышбекқызы.

Әйелдің айтуынша, аурудың белгілері алдымен жұбайында білінген, ал келесі күні өзі жөтеле бастаған. Дәрігерлер егер Шынардың күйеуі уақтылы егілгенде, жүктілік кезіндегі аурулар мен нәресте үшін қауіпті жағдайларды болдырмауға болар еді дейді.

Күн сайын денсаулық сақтау басқармасының, жергілікті атқарушы орган өкілдері ресми парақшаларда жан түршіктірер көрсеткіштермен бөліседі. Алайда, көпшілік бұған мән бермейді. Апта сайын мониторинг топтары түнгі уақытта карантиндік шектеулерге қарамастан жұмыс істейтін ойын-сауық орындарын, банкет залдарын анықтайды. Сонымен қатар, бұл мекемелердегі қызметкерлердің көпшілігінде вакцинация паспорты немесе ПТР тестінің теріс нәтижесі жоқ. Бұл ретте кәсіпкерлер қоғамға қандай да бір қауіп төндіремін деп есептемейді және табыс табуға кедергі жасамауды талап етеді.

Коронавирус жоқ екеніне сенімді адамдардың бірі жеке кәсіпкер Анна Галченко болды.

Брифингтердің бірінде ол жергілікті билікке сенбейтінін және вакцинацияның қажеті жоқ деп санайтынын айтты. Оған БАҚ өкілдерімен жұқпалы аурулар ауруханасына баспасөз турына қатысу ұсынылды. Ол аурухана қабырғасында өткізген санаулы уақыттан кейін өз пікірін түбегейлі өзгертті.

Шынымды айтсам, бүгінгі күнге дейін мен бұл статистикаға сенбедім. Осында көргендерімнен кейін дәрігерлерге тағзым етемін. Ауруханада бірнеше минут болудың өзі жеткілікті, арнайы костюмде тыныс алу, есту қиын,-дейді Анна Галченко.

Шынында да, жүз рет естігеннен гөрі бір рет көрген артық. Экскурсиядан кейін кәсіпкер міндетті түрде екпе алатынын және бұдан былай вакцинация паспортынсыз қол астындағыларды жұмысқа жібермейтінін жеткізді.

Соңғы алты айда індет жұқтырған 904 науқас туберкулезге қарсы диспансердің жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды, олардың 206-сы реанимацияда, 65-і қайтыс болды. Бүгінде бөлімше ересек пациенттер үшін 110 орынға және 18 жасқа дейінгі балалар үшін 10 орынға есептелген, себебі облыстық балалар ауруханасында орын жетіспейді.


Өзгелердің жаңалығы