Қытайдың Хэнань провинциясында төтенше жағдай жарияланды

21 Шілде 2021, 19:15
1687
Бөлісу:
Қытайдың Хэнань провинциясында төтенше жағдай жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қытайдың орталық өңірін топан су басты, деп хабарлайды «Хабар 24». Хэнань провинциясында төтенше жағдай жарияланды. 

Қапылыста опат болғандар да бар. Соңғы дерек бойынша 25 адам көз жұмып, 7-еуі жоғалып кеткен. Әсіресе Чжэнчжоу қаласындағы жағдай күрделі. Мұнда метроны су басып, жолаушылар пойыз ішінде қамалып қалды. Одан бөлек шаһардың іргесіндегі бөгетті де су бұзып кеткен. 

Су метро жолаушыларының кеудесінен келген. Құтқарушылар 500-ге жуығын эвакуациялаған. Алайда, өкінішке қарай, ондағаны көз жұмды. 

Құтқарушылар келгенше әрең шыдадық. Сүйеніштерге ұстанып тұрдық. Міне, соның салдарынан қолым көгеріп қалды. Сүйеніштер болмаса, су бізді ағызып әкетер еді, - дейді жолаушы.
Метроны су басқаннан бөлек, осы Чжэнчжоу қаласының маңындағы су бөгеті бұзылған. Аймақта төтенше жағдай жарияланды. 

Құтқару операциясына 6 мыңнан аса маман тартылған. Көшедегі судың көптігіне байланысты олар қалада қайықпен қатынауға мәжбүр. Жергілікті әуежай уақытша рейстерді қабылдауын тоқтатқан. Жалпы осы Чжэнчжоу қаласы орналасқан Хэнань провинциясында табиғат апатынан 280 мың адам жапа шеккен. Топан су шамамен 20 мың гектек егіс алқабын жайпап өтті. 

Хэнань провинциясының көп бөлігінде нөсер толастамай тұр. Салдарынан бірнеше қаланы су басты. Өңірге әскери полиция қызметкерлері мен сарбаздар жіберілді. Түрлі кәсіпорындар аймаққа қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Қытай билігі үшін ең бастысы – адамдардың амандығы, - деді Қытай СІМ ресми өкілі Чжао Лицзянь.
Бұл тек жергілікті тұрғындар ғана емес, елде жүрген шетелдіктерге де қатысты. Қолда бар мәлімет бойынша су тасқынынан көз жұмғандар мен жарақат алғандар арасында шетел азаматтары жоқ. Табиғат апатына өткен аптаның соңынан бері толастамай жауған нөсер себеп. Осыған байланысты мамандар қауіптіліктің ең жоғары деңгейін жариялаған. 

Қатты зардап шеккен Чжэнчжоу қаласында жауын-шашынның рекордық мөлшері түскен. Кейбір аудан тұрғындары жарық пен сусыз отыр. Соңғы дерек бойынша Хэнань провинциясында 160 мың адам эвакуацияланды. Ал синоптиктер нөсер әлі де басылмайтынын ескертіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы