Kundelik.kz дауына нүкте: интернеті жоқ ауылда қағаз журнал қолданыла береді

1 Қараша 2019, 15:21
9155
Бөлісу:
Kundelik.kz дауына нүкте: интернеті жоқ ауылда қағаз журнал қолданыла береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова интернетпен қамтылмаған ауыл мектептері қағаз журналдарды қолдана беретінін айтты. 

Журналистердің бірі интернет болмағандықтан kundelik.kz-ке кіру үшін үйдің шатырына шығатынын немесе мұғалімдердің онлайн журналды толтыру үшін қалаға интернет іздеп келетінін айтып, осы жайында министрліктің позициясын сұрады. 

Министрлік позициясы нақты министрлік бұйрығында көрсетілген. Егер де ауыл интернетпен қамтылмаған болса, ол мектепте күнделікті журналды қағаз түрінде ғана толтыруы тиіс. Бүгінде мектептерде бірнеше электрондық жүйе бар. Bilimal, mektep.edu.kz секілді электрондық журналдар бар. Көптеп танылғаны – "күнделік" жүйесі. Сондықтан "күнделік" туралы көбірек айтылады. Мұның өзі электрондық жүйенің қажет екенін көрсетіп отыр, - дейді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Каринова интернет жоқ жерде электрондық журналдың болмайтынын айтты. 

Ондай жерде қағаз журнал болуы тиіс. Электронды журналдың жағымды жағын айтқан да дұрыс. Өйткені мұндай журналдар арқылы әр ата-ана мұғаліммен кері байланыс арқылы баласының нақты нәтижесін көріп отыр. Екіншіден, мұғалімдер мен мектептің әкімшілігі нақты білім сапасына жауап беретін тұлғалар болғандықтан олар толық анализді "күнделік" жүйесінен электрондық түрде көре алады. Аудан, облыс, Қазақстан көлемінде де қаншалықты білім беріліп жатыр екен, қай пәннен қандай жетістіктерге жеттік дегенге жауап беру үшін талдауды жақсы көрсететін қажетті жүйе. Сондықтан әрі қарай дамытуға тиіспіз. Мұғалімдер, ата-ана, мектеп үшін интернет болмаса, ол жерде электрондық жүйе де болмайды, - деді министрдің орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы