Құл-Мұхаммед: Бұл – миллиондаған қазақ пен орыстың тарихи танымын қорлау

12 Желтоқсан 2020, 21:50
1928
Бөлісу:
Құл-Мұхаммед: Бұл – миллиондаған қазақ пен орыстың тарихи танымын қорлау

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатор, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Ресей Федерациясы Думасының депутаты Вячеслав Никоновтың арандатушылық сөзіне қарсы осындай пікір білдірді.

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Өз пікірінде сенатор қазақ халқының тарихы тым тереңде жатқанын, оның ішінде ата-бабаларымыздың ежелден Солтүстік Қазақстанды қоныс еткенін айтқан.

Ерте замандардан бері қарай аталған жерлерді қазақ тайпалары жайлағаны – басы ашық ақиқат. Дәл осы жерде біздің заманымызға дейін үшінші мыңжылдықта өмір сүрген атақты ботай мәдениетінің қоныстары табылды. Ботайлықтар жабайы жылқыларды қолға үйреткен, жылқы шаруашылығымен және әртүрлі кәсіппен айналысқан. Ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы осы далада біздің тікелей бабаларымыз – сақтар, ғұндар, түркілер, қыпшақтар мен қазақтар құрған мемлекеттер бірін-бірі алмастырып отырды, – дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар Сенат депутаты қазақ даласында Түркі қағанаты, Дешті-Қыпшақ, орта ғасырдағы даңқты мемлекет – Алтын Орда, Қазақ хандығы туын тіккенін және бүгінгі Қазақстан осы елдердің заңды жалғасы екенін дәлелді жеткізген.

Алтын Орданың негізін қалаған Жошы хан – Керей мен Жәнібектен Абылайға дейінгі барлық қазақ хандарының атасы. Жошы ханның мазары Ұлытауда, Орталық Қазақстанның аумағында орналасқан. Алтын Орда ыдырағаннан кейін 1465 жылы Қазақ хандығы құрылды. Оның 550-жылдығын 2015 жылы Қазақстан мемлекеттік деңгейде атап өтті. Міне, дәл осы хандық Ресеймен достық қарым-қатынас орнатқан. Бұл туралы ресейлік ғалымдар жан-жақты зерттеулер жасаған, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сенатор бүгінде Қазақстан мен Ресейдің арасында үлгілі байланыс орнағанын да атап өткен.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресейді стратегиялық серіктестік, мәңгілік достық туралы келісім және одақтастық, жеті жарым мың шақырымнан астам шекара, ең бастысы – азаматтарымыз бен халықтарымызды көзге көрінбес берік жарасым байланыстырып тұр, – деді сенатор.

Сондықтан, тәуелсіздік күнінің қарсаңында айтылған Вячеслав Никоновтың сөзі халқымыздың ашу-ызасын тудырғанын айтты.

Бұл – саяси жауапсыздық қана емес, берік достық қарым-қатынас орната білген миллиондаған қазақ пен орыстың тарихи танымын қорлау. Мен үшін де және миллиондаған қазақстандық үшін де орыс пен қазақ халқы арасындағы достықты сақтаудың маңызды екені айқын. Әсіресе, айыптаулар мен арандатушылық мәлімдемелерге жол беруге болмайды, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Айта кетейік, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың Бірінші арнада «Қазақстанның территориясы - Ресей тарапынан үлкен сыйлық» деп айтқаны белгілі болды. Бұл жағдайды анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаров шақырылып, ресейлік дипломатқа ҚР СІМ ұстанымы көрсетілген нота табысталды.

Өзгелердің жаңалығы