Көшербаев: Президент қандастар мәселесі бойынша нақты тапсырмалар берді

28 Қараша 2019, 11:12
4854
Бөлісу:
Көшербаев: Президент қандастар мәселесі бойынша нақты тапсырмалар берді
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР мемлекеттік хатшысы, "Отандастар қоры" КЕАҚ Қамқорлық кеңесінің төрағасы Қырымбек Көшербаев елімізде "Отандастар" халықаралық форумы өтуі мүмкін екенін айтты.

Тәуелсіздік алғалы бері елімізге 1 миллионнан астам қандасымыз келіп, отанымыздың бір-бір уығына айналып, мемлекетіміздің өркен жаюына үлестерін қосуда. Әрине, көш болғасын жүре түзелер кемшіліктер бар болар. Сондықтан, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атамекенді аңсап келген ағайындар мәселесін Үкіметке, Президент әкімшілігіне тағы бір мұқият қарап, қосымша іс-шаралар қабылдау туралы нақты тапсырма берді, - деді ол.

Мемлекеттік хатшы бүгін де шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында қазақ диаспорасы өкілдері үшін қазақстандық ЖОО-ларда бакалавриаттың білім беру бағдарламалары бойынша квота көлемі 4 пайызға көтерілгенін, білім алушылардың саны 2747-ге жеткенін айтты. 

Бұдан басқа қандастарымыздың баспанамен және жұмыспен қамту мәселесі 2017-2021 арналған "Еңбек" бағдарламасы аясында өзінің шешімін тауып отыр. Сонымен бірге, қазіргі уақытта шетелден келген ағайындарға құжатты ресімдеуде көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру, шетелдегі отандастарды мемлекеттік тұрғыда қолдау туралы заңнамалық тетіктерді енгізу жөнінде де маңызды шаралар да қолға алынады, - деді Қырымбек Көшербаев.

Сондай-ақ, ол қазақ диаспорасының бүгінгі жай-күйі жайлы сөз қозғады.

Елімізде қазақ жастарының білім және ғылым салаларына ынта-ықыласы, оларды өздері тұрып жатқан елдердің саяси-әлеуметтік жүйесіне толыққанды кірігуіне байланысты зерттеулер де жүргізілуде. Бұл жұмыстардың өзінің оң нәтижесін табары сөзсіз. Замандас ақын Сабыр Адайдың "Әр қазақ – менің жалғызым" деген жыр жолдары қанатты сөзге айналып кеткені ақиқат. Дүниенің төрт бұрышын мекендеген қандастарымыздың қадау-қадау мәселелерін бүгінгі дөңгелек үстелде шешіп тастамайтынымыз анық. Алайда, атамекенді аңсап, тарихи отанға үкілі үмітпен қарап отырған қандастарымызға бүгінгі әңгіме қанатымен су сепкен қарлығаштай көмек қолын тигізіп жатса – мазмұндық жағынан шараның өзін-өзі ақтай алғаны деп ойлаймын, - деді ол.

Сонымен қатар, Қырымбек Көшербаев келесі жылы елімізде "Отандастар" халықаралық форумы өтетінін айтты.

Ешқандай күмән болмасын – Елбасы да, мемлекет басшысы да, Үкімет те ұлтымыздың болашағына қызмет етуде. Әсіресе, халқымыздың асыл арманы мен үкілі үмітін іске асыратын өскелең ұрпақтың жағдайы – біздің ең үлкен назарымызда. Бұйырса, сіздердің ұсыныс-ескертпелеріңізді ескере отырып, сәуір айында Нұр-Сұлтанда "Отандастар" халықаралық форумын өткізіп, маңызды шешімдер қабылданады деп күтілуде, - деді мемлекеттік хатшы.
Бұған дейін елордада шеттен келген қандастардың қатысуымен өтіп жатқан халықаралық дөңгелек үстелде "Отандастар" қорының президенті Нұртай Әбіхаев арнайы баяндама жасады.

Өзгелердің жаңалығы