Коронавирустан кейін адам психикасында қандай өзгеріс болады?

8 Қыркүйек 2020, 09:30
4138
Бөлісу:
Коронавирустан кейін адам психикасында қандай өзгеріс болады?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус ауруы адамдардың психикасына қалай әсер етеді? Оның ауыр түрімен және вирусты пневмониямен ауырғандар көпке дейін өз-өзіне келе алмай «тағы ауырып қалам ба» деп үрей үстінде жүреді екен, оларға қандай көмек керек? Қауіпті індетпен ауырған адамдарға психологқа қаралу керек пе және тағы басқа сұрақтарға Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ психотерапевті Рашид Азизов жауап берді.

Психотерапевт коронавирустан бұрын пандемия кезіндегі шаралардың барлығы адам психологиясына қатты әсер еткенін айтады. Карантиндік шаралар, вирусты жұқтырып алмау жөніндегі қобалжу бәрі адам психикасына кері әсер еткен. 

Пандемияға қатысты ақпараттың барлығы күйзеліс шақырады. Ауру жөніндегі негативті мәліметтер бізге ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы беріліп отырды. Оның барлығы эмоцияға толы болды әрі әсірелеумен бізге жетіп жатты. Одан бөлек түрлі болжамдар айтылып, түсініксіз статистика берілді. Түрлі емдеу жолдары да айтылды. Осының барлығы адамдарды алаңдатып, мазасын қашырды. Оның үстіне бүкіл әлем логдаунға кеткенін, емханаларда науқастарды қабылдайтын орындар мен дәрігерлердің жетіспей жатқанын көріп отырдық. Жасанды ауа беру аппараттары мен дәрі-дәрмек тапшылығы да болды. Өзін-өзі оқшаулау, маска тағу,  карантиндік шараларға байланысты сауда орындары мен көптеген адамның табыссыз қалуы сияқты жайттар адам коронавируспен ауырмаса да психикасына қатты әсер етті, - дейді дәрігер.  

Кейбір адамдар вирус жұқтырып алмайын, жұқтырсам мен қатты сырқаттануым мүмкін деген ой үстінде болса, тағы бір бөлігі жақындары үшін алаңдап «оларды ауыртып алсам арты жаман аяқталуы мүмкін» деген үреймен жүрген. 

Ал, коронавируспен ауырған адамдарға келер болсақ, олар күйзеліс жағдайын өткерді. Өйткені кейбіріне ауа жетпей, демалуы қиындады. Олар «алдағы уақытта қайтадан ауырып қалам ба» деген үрейде болады. Сонымен қатар, науқастар басқа адамдардың ауырып жатқанын естігенде өздерінде сырқат қалай өткенін үнемі еске алып, психикалық травма алғаны білінеді. Бұл аурумен ауырғандардың көпшілігінің ағзасы әлсіреп, буындары, бұлшық еттері ауырып, ештеңені ойлағысы келмей жата бергісі келіп тұрады. Оларда да алдағы уақытта тағы ауырып қалам ба деген үрей басым болады. Міне осының бәрі адамдардың психикасына әсер еткен негізгі белгілер, - дейді Рашид Азизов.

Коронавирустың ауыр түрімен және вирусты пневмониямен ауырғандар көпке дейін өз-өзіне келе алмай тағы ауырып қалам ба деп үрей үстінде жүреді екен. Дәрігер ондай адамдардың жүйкесі сыр беріп, алаңдаушылығы шектен шығып кетсе оған психологтың көмегі қажет деген ойын білдірді.

Расымен де, кейбір адамдарда сырқат ауыр түрінде өтті. Күйзелісті басынан өткерген адамдарда қайта ауырып қалмайын деген үрей болады. Сондықтан олар коронавируске қатысты мәліметтің барлығын ауыр қабылдайды және әрдайым негативті ой үстінде жүреді. Қорқыныш пен үрей басқан кезде олар көпшілік жерге шығудан қалып, өздерін оқшаулай түседі. Мұндай кезде ол адамдарға арнайы мамандардың, психологтардың  көмегіне жүгінген жөн. Алаңдаушылығы шектен шығып кеткен ондай адамдарды емдеу керек, әйтпесе ол адам ағзасына кері әсер етеді, - дейді дәрігер. 

Сонымен қатар, ол бұл аурудың жағымсыз белгісі адам көңіл-күйіне, психикасына қатты әсер ететінін айтады. Яғни, адамның ішкі күйзелісін тудырады. Соның салдарынан адамның күш-қуаты әлсіреп, ештеңеге құлқы болмайды. Бұрын қызығушылық танытып, айналысып жүрген нәрселеріне қараудан қалады. Кейде тәбеті мен ұйқысы бұзылып жатады. Дәрігер бұл жағдайдың алдын алу үшін дұрыс тынығып, бәрін режиммен атқару керек деген ойын білдірді. 

Кешке уақытылы жатып, ағзаның тез қалпына келуі үшін дене жаттығуымен айналысқан жөн. Жақсы нәрселерді ойлап, дұрыс тамақтанған дұрыс. Сонымен қатар, ондай адамдарға жақындарының қолдауы да қажет болады. Оған қоса бұл күйзелістен тез шығып, болған жағдайларды жылдам ұмыту үшін өзіне қызықты бір хобби тауып, алға қарай жетелейтін нәрсемен әуестенген жөн. Сонымен қатар, адам өз күйзелісін реттей алуды меңгергені дұрыс. Мұндай кезде спирттік ішімдіктерді, психоактивті заттарды қабылдауға болмайды. Бастапқыда ол көмектескендей алдамшы болуы мүмкін, кейін кері әсерін береді, - дейді психотерапевт. 

Рашид Азизовтың айтуынша, егер адамдағы күйзеліс ұзақ уақытқа созылып, денсаулығы нашарлап жатса, яғни тәбеті жоғалып, жаман ойлар келіп жатса психологтардың көмегіне жүгіну керек. Оған бола ұялудың қажет жоқ, өйткені оның пайдасы мол.

Сонымен қатар, ол вирус жұқтырған кезде адам өмірден түңіліп, енді қалай болады екен деп өзін қажай берсе ауру дендеп алатынын айтады. Ал жақсы нәрселерді ойласа адамның тез сауығып кетуіне әкеледі.

Қандай ауру болмасын адам тек жақсы жағынан ойласа ол тез сауығып кетуіне әсер етеді. Кез келген алаңдаушылық пен үрей күйзеліске әкеледі. Содан келіп адамның иммундық жүйесі әлсірейді. Соның салдарынан ағзаның ифекциямен күресетін күші азаяды. Сондықтан өмірге деген құштарлық пен позитив адамға қуат беретінін ұмытпау керек. Адам өзін тек жақсылыққа жетелеп отыру керек. Ондай адамдар дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындап, тез жазылуға ұмтылады, - дейді ол. 

Дәрігер сондай-ақ, коронавируспен ауырған кез келген адам психологке қаралу керек пе, деген сұраққа жауап берді.

Егер адамның жүйке жүйесі мықты болса және жақындарының қолдауы жақсы болса оған психологке жүгінудің қажеті жоқ. Ал, алаңдаушылығы шектен шығып, өзін жаман сезінсе әрине мамандарға қаралғаны дұрыс. Қазір күзде коронавирустың келесі толқыны болады деп айтылып жатыр. Соны уайымдап, күйзеліске түспес үшін көпшілік жерге барғанда маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, карантин шараларын ұстанған жөн. Бұны әсіресе жабық ғимараттарда ұстанған дұрыс, оның пайдасы дәлелденген. Оған қоса қорғанып жүргендіктен уайым да аз болады, - дейді психотерапевт.

Өзгелердің жаңалығы