Коронавирустан қайтыс болған дәрігерлерге мемлекеттік наградалар берілді

15 Шілде 2020, 19:10
1667
Бөлісу:
 Коронавирустан қайтыс болған дәрігерлерге мемлекеттік наградалар берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирустан қайтыс болған үш павлодарлық медицина қызметкері қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік наградаларға ұсынылды, деп хабарлайды Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Медбикелер Гүлбаршын Шәріпова мен Ольга Лошманованың, сондай-ақ кіші медицина қызметкері Әйгерім Мұқашеваның наградаларын Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов туыстарына табыс етті.

Мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімі облыс әкімдігінде өтті. Медбике Гүлбаршын Шәріпова мен кіші медицина қызметкері Әйгерім Мұқашева "Құрмет" орденімен, ал учаскелік медбике Ольга Лошманова "Парасат" орденімен марапатталды.
Олардың жұмысы, күн сайын алдыңғы қатарға шығып, вирусқа қарсы күресетін біздің барлық медициналық қызметкерлеріміздің жұмысы сияқты баға жетпес. Бүгінгі таңда біздің провизорлық ауруханаларымызда және амбулаториялық емдеуде бірнеше мың адам ем қабылдауда.Мұндай шамадан тыс жүктеме, әрине, дәрігерлердің жағдайына әсер етеді. Медицина қызметкерлерінің туыстарына шын жүректен көңіл айтамын және сіздердің жақындарыңыз бұл қасіретпен күресіп, соғыстағыдай адамдардың өмірін сақтау барысында қаза тапқанын айтқым келеді, – деді марапаттау рәсімінде өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов.
Медбике Гүлбаршын Шәріпова 60 жасында өмірден озды. 1981 жылы Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық медициналық училищесін «Балалар емдік-профилактикалық мекемелерінің мейірбикесі» мамандығы бойынша тәмамдады. Сегіз жыл аудандық ауруханаларда жұмыс істеді, ал 1988 жылы Павлодар қалалық №1 емханасында офтальмологқа мейірбике болып ауысты. Жұмыс барысында өзін ісіне адал, жауапты және жоғары білікті маман ретінде көрсетті.

Учаскелік медбике Ольга Лошманова 48 жасында қайтыс болды. Ол 11 жылдан астам облыстық психикалық денсаулық орталығы наркологиялық қызметінің жалпы клиникалық бөлімшесінде жұмыс істеді. Сонымен қатар Ольга Лошманова 1992-1993 жылдары Павлодар перзентханасында, 1993-2000 жылдары Павлодар №3  қалалық ауруханасының әйелдер консультациясында, 2000-2009 жылдары № 15 отбасылық дәрігерлік амбулаториясында жұмыс істеді. Ольга Лошманованың әріптестерінің айтуынша, ол әрқашан өзінің ұйымшылдығымен, өз жұмысын жақсы білуімен және үздіксіз кәсіби өсуге ұмтылуымен ерекшеленген.

Кіші медицина қызметкері Әйгерім Мұқашева 49 жасында қайтыс болды. Еңбек жолын 1990-1991 жылдары Павлодар тігін фабрикасында үйренуші тігінші болып бастаған. Одан кейін ол Павлодар облысының жеке құрылымдары мен медициналық ұйымдарында жұмыс істеді. Коронавирус пандемиясына дейін және оның барысында Әйгерім Мұқашева өзін жұмысты адал және барлық тапсырмаларды уақтылы орындайтын жауапкершілігі жоғары қызметкер ретінде көрсетті.


Өзгелердің жаңалығы