Конституция – нақты әрі үйлесімді саясат жүргізудің кепілі

30 Тамыз 2020, 10:34
1951
Бөлісу:
Конституция – нақты әрі үйлесімді саясат жүргізудің кепілі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы Айман Жүсіпова мемлекеттің негізгі заңынсыз еш болашағы жоғын айтады.

Конституция - қоғам мен мемлекет дамуының мақсат-принциптерін, экономиканы, әлеуметтік және рухани өмірді ұйымдастырудың негіздерін, мемлекеттік механизмнің бағытын белгілейтін басты заң. Конституцияның маңызды құрамдас бөліктерінің бірі - оның этикалық және саяси бағыты. Ол қоғамның өзіндік "әділеттілік негізін" бекітеді,  қоғамдық қатынастарды реттеуші ретінде әрекет етуге мүмкіндік береді және маңызды мемлекеттік мәселелерді саяси және этикалық мақсатта шешуге бағыттайды. Мемлекеттің негізгі заңы болмаған жағдайда, этикалық және саяси мәселелер ситуациялық немесе күш көрсету жолымен шешілуі мүмкін. Яғни, бұл жағдайда Конституция – нақты әрі үйлесімді саясат жүргізудің кепілі, - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Конституцияның болуы - заңдылық, құқықтық тәртіп және билік институттары тұрақтылығының міндетті шарты. 

Негізгі заңсыз мемлекет қоғам ішінде қақтығысқа, заңсыздыққа ұшырайды, оның болашағы жоқ. Тек Конституция ғана адамдардың келесі ұрпағы үшін дамудың сенімді негізі бола алады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы республикалық референдумда 25 жыл бұрын 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған болатын. Конституция мемлекеттіліктің қалыптасуында және еліміздің нарықтық экономикасында, қоғамдық дамуда басты рөл атқарды. Бүгінде ширек ғасыр өткеннен кейін қолданыстағы Конституция Қазақстанда болып жатқан барлық өзгерістің негізі болып отыр және осы Заңға сүйене отырып, елді дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламалары қабылданады. Қазақстан Конституциясы әлемде қалыптасқан конституционализм стандарттарына жауап береді, сондай-ақ, ел азаматтарының өмірін өзара құрмет пен мемлекеттілікті нығайту негізінде құруға мүмкіндік беретін әлеуметтік бағдарлардан тұрады. Бұл ретте алға қойылған бағыт пен даму мақсатын жоғалтпай, іс-әрекеттер мен қабылданатын шешімдерді елдің негізгі заңында белгіленген ұлттың басты қағидаттарымен үнемі салыстырып отыру маңызды, - дейді Жүсіпова.

Өзгелердің жаңалығы