Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-дағы брифингте Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді.
Өкінішке қарай, автокөлікті мас күйінде жүргізетіндерге байланысты жыл сайын 30 мыңнан астам оқиға анықталады. Мас жүргізушілердің кінәсінен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан Қазақстанда тек биыл мыңнан астам азаматымыз жарақат алды немесе қаза болды, - деді Ахметжанов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде сау адам мен мас адам жасаған жол-көлік оқиғасы үшін қылмыстық жауапкершілік екеуіне бірдей.
Мас күйінде жол ережесін бұзғандар үшін жаңа бап енгіземіз. Ол ауыр қылмыс болып есептеледі және ол бойынша татуласу мүмкін болмайды. Қазіргі ереже бойынша мас күйінде көлік жүргізген адамның жүргізуші куәлігі 2 жылға дейін тартып алынады және 40 тәулікке дейін қамауға алынады. Ендігі тәртіп бойынша, олар 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады және 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады. Мас күйінде көлік айдаған жүргізушінің кесірінен адам қайтыс болса, онда ол 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Бұл осы бап бойынша ең жоғарғы жаза. Олар 7 жылдан 10 жылға дейін сотталуы және өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін, - деді Бас прокурордың орынбасары.
Оның сөзінше, егер азамат белгілі бір мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылып, кейін мас күйінде көлік айдап, қайта ұсталса, он ол жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылады.
Сондай-ақ, бұдан бұлай балаға қатысты зорлық-зомбылық жасаған педофилдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады.