Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік мерекесіне орай Көкшетау қаласында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласын жүзеге асыру аясында "Отан тарихындағы тұлғалардың рөлі" атты ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр.
Шыңғысхан және одан кейінгі қазақ хандары дәуірінің қалыптасуына ықпал еткен тұғырлы тұлға Тұғырылханның өмір жолы мен ерлік іздері моңғол, парсы, түрік, қытай, орыс, жапон жазбаларында кезігіп қана қалмай, Марко Поло, А.Андреев, Н.А.Аристов, Г.Ф.Миллер, т.б. еңбектері арқылы да әлемге әйгілі. Тарихи тұлға – Тұғырылхан есімін көтеру Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру", "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы мен президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу" аясындағы үндеуіне сай қолға алынып отыр, - дейді конференцияны ұйымдастырушылардың бірі, жазушы, "Тұғырыл хан" кітабын құрастырушы Жәди Шәкенұлы.
Ұлы дала тұлғаларын көтеруде ҚР Білім және ғылым министрлігі Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, ҚР Мемлекеттік тарихи институты, т.б. арнайы зерттеулермен айналысты.
Осындай жұмыстар аясында "Тұғырылхан-Оң хан" корпоративтік қоры тарихи тұлға – Тұғырылхан есімін көтеруге қатысты әр түрлі іс-шараларға бастама болып отыр. Соның алғашқы жемісі ретінде қор жағынан жаңадан жарық көрген "Тұғырылхан" атты тарихи деректер жинағын атауға болады.
Конференцияда ғалымдар тарихи тұлғалардың рөлі мен қызметін, Тұғырылхан тұлғасына да кеңінен тоқталмақшы.
Сонымен қатар, конференция аясында, жаңадан жарық көрген "Тұғырылхан" кітабының тұсауы кесіледі. Аталған кітап құзіретті мекемелер мен аудан, ауылдықтағы барлық кітапханаға сыйға беріледі.
Аталған іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері мен көрнекті ғалымдардан – Зиябек Қабулдин, Бүркітбай Аяған, Қаржаубай Сартқожа, Жандарбек Мәлібеков, Серік Негимов қатарлы тарихшылар мен БАҚ өкілдері қатысып жатыр.