Кітапханашы, күзетші, еден жуушы: Мектепте жұмыс істейтіндердің жалақысы көтеріледі

21 Қазан 2021, 17:47
16510
Бөлісу:
Кітапханашы, күзетші, еден жуушы: Мектепте жұмыс істейтіндердің жалақысы көтеріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепте жұмыс істейтін барлық қызметкердің жалақысы көтерілетінін айтты.

«Bilimdi ult» ұлттық жобасы аясында мұғалімдердің жалақысы өседі деп айтылды. Десек те, мектептерде мұғалім санатынан бөлек мамандар да қызмет етеді (еден жуушы, аспаз, күзетші, т.б). Олардың жалақыларын да осы жоба аясында көбейту қарастырылған ба? – деп редакциямыз министрге сауал жолдады.

Өз кезегінде БҒМ басшысы Президент тапсырмасы аясында мектепте қызмет ететін мамандардың жалақысы көтерілетінін айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бұл мәселені көтеріп, Үкіметке тиісті тапсырма берді. Бүгінгі күні әріптестеріміз осы тапсырманы орындаумен айналысып жатыр. Әрине, Президент берген тапсырма орындалады. Сондықтан жалақысы көтерілуі керек қызметкерлердің санатына мектепте істейтін, мысалы, кітапханашылар және басқа да қызметкерлер кіреді, - деді ол.

Министр Асхат Аймағамбетов бұл мәселе Мемлекет басшысының берген тапсырмасы аясында іске асырылатынын айтты.

Сондай-ақ бас ұстаздың сөзінше, ұлттық жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,1 трлн теңге бөлу жоспарланған. Қазір үш жылдық бюджет бекітіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы