Қазыбек Иса еліміздегі барлық қала орталығынан Әлихан Бөкейханның атына көше беруді ұсынды

14 Сәуір 2021, 12:01
2045
Бөлісу:
Қазыбек Иса еліміздегі барлық қала орталығынан Әлихан Бөкейханның атына көше беруді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы атынан депутаттық сауалды Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдады.

«Ақ жол» фракциясы биыл 3 наурызда «Алаш қайраткерлерін ұмыт қалдыру - саяси әділетсіздік» атты депутаттық сауал жолдағаны белгілі. Онда өңірлердегі Алаш қайраткерлерінің есімдері ұмыт қалып отырғаны айтылған еді. Енді анықталғандай, елеусіз қалғандар тек Алаш қайраткерлері ғана емес, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш көсемдерінің өздері де лайықты ұлықталмай жатқанына көз жеткіздік. Биыл Орта Азиядағы тұңғыш саяси партия «Алаш» партиясын құрып, Алаш Орда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына арналған іс-шаралар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы бағдарламасына енгізілді, - деді ол.

Иса айтқандай, жақында, 31 наурызда Түркістан декларациясын қабылдаған Түркі кеңесі мемлекеттерінің басшылары Тұранның ұлы тұлғаларының ішінде Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойын да бірлесе атап өтуге шешім қабылдады.

Қарағандыдағы Октябрь ауданы енді Әлихан ауданына айналды. Алаш ақыры Октябрьді жеңді. Бұлардың бәріне шүкіршілік айтамыз. Дегенмен елімізде Алаш көсемінің атына лайықты ешқандай көше жоқ екенін анықтадық. Астанамызда Бөкейханов көшесі орталықта емес, шеттегі ол көшені көбінесе «Мәңгілік ел» көшесіндегі кептелістен қашқан жүргізушілер жақсы біледі. Алматыдағы Бөкейханов көшесі қала шетіндегі өндірістік аудандағы базар артындағы қуыс-қуыста орналасқан, - деді ол.

Депутат атағандай, Шымкенттің шетіндегі Тассай ауылының тасасында қалған Бөкейханов көшесінің ұзындығы 500 метрдей ғана, жиырма шақты үй орналасқан, тіпті жарық та жоқ.

Алаш Ордасы аталған Семейде де, облыс орталығы Өскеменде де Әлиханға лайықты көше жоқ, шалғайдағы шағын аудандардағы жиырма шақты үйден тұратын шағын көшелер. Қалалардағы бойында бірде-бір оқу-мәдени орындары жоқ бұл көшелерді елге көрсетудің өзі ұят. Қазақ елінде біртуар тұлғамыздың атына лайық көше болмауы және қазақ ауылшаруашылық ғылымының басында тұрған ғалымға бір де бір жоғары оқу орнының аты берілмеуі Алаш көсемінің аруағына жасалған қиянат, - деді депутат.

Сондай-ақ депутат биыл 3 наурызда Еуразия ұлттық университеті мен Тарих-этнология институты өткізген Халықаралық конференцияда лайықты бір жоғары оқу орнына Әлихан Бөкейханның есімін беру және үлкен қалаларда «Алаш» аллеясын ашу тағы да көтерілгенін айтты.

Осыған орай, «Ақ жол» партиясының атынан депутат бірнеше ұсыныс айтты:

- Ә.Бөкейханның негізгі мамандығы ормантанушы-ғалым, яғни агроном. Ол қазақтың жер-суын, дәстүрлі шаруашылығын зерттеген экспедицияларға қатысып, қой, ірі қара және жылқы тұқымдарын зерттеп, 3 іргелі ғылыми монография, ондаған ғылыми мақала жазған, қазақ ауылшаруашылық ғылымының негізін қалаған ғалым. Сондықтан оның есімін Алматыдағы әзірге аты жоқ Қазақ ұлттық аграрлық университетіне беру әбден лайықты.

- Елордамыздағы Тұран мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы бос тұрған алаңға «Алаш» аллеясын ашып, Әлихан ескерткіші мен Алаш қайраткерлері бюстерін орнату қажет.

- Еліміздегі барлық қаланың орталығынан Әлихан Бөкейханның атына лайықты көше беріліп, Алаш алаңдары ашылуы тиіс.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мәжіліс ЕАЭО-ға Арменияның қосылуына қатысты құжатты мақұлдады.


Өзгелердің жаңалығы