ҚазҰУ жер учаскесін иеліктен шығаруға қатыспағанын мәлімдеді

15 Қаңтар 2021, 22:42
1345
Бөлісу:
ҚазҰУ жер учаскесін иеліктен шығаруға қатыспағанын мәлімдеді

Алматы, BAQ.KZ. Тағы да ресми түрде мәлімдейміз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері 2017 жылы жер учаскелерін иеліктен шығару бойынша қандай да бір құжаттарды әзірлеуге қатысқан жоқ. Мұндай мәлімдеме университеттің ресми сайтында жарияланды. 

Бұған дейін әлеуметтік желілерде және бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында ҚазҰУ басшылығы тарапынан университеттің жер учаскелері жеке тұлғаға сатылғандығы жөнінде ақпарат жарияланған еді. Бұған дейін университет осы мәселе бойынша жұртшылыққа өз ұстанымын ұсынған және қандай да бір заңсыз әрекетке қатысы жоқ екендігін ресми түрде жоққа шығарған.

Үлкен қоғамдық резонансты ескере отырып, бұл жағдай университеттің Ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысында қаралды, онда ҚазҰУ мен оның басшылығының беделін түсіретін негізсіз айыптауларға жол бермеу туралы бірыңғай ортақ пікір айтылды. Сонымен қатар бұл мәселе әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің алғашқы отырысында қаралды. Атап өту қажет, әлеуметтік желілердегі жарияланымдардың авторлары М.Козачков пен Б.Базарбек ұсынған құжаттардың көшірмелерін тексеру барысында анықталғандай, жобаны әзірлеуші ретінде «Geo Audit Company» ЖШС көрсетілген 8.08.2017 ж. жерге орналастыру жобасының титулдық парағында университет атынан қойылған қолдар жалған, онда қол қоюшының лауазымы мен аты-жөні көрсетілмеген, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың елтаңбалы мөрі жоқ. «Geo Audit Company» ЖШС директоры О.Базарбайдың атына жерге орналастыру жобасын әзірлеуге 8.08.2017 жылғы өтініш пен Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы А.Ж.Ахметовтың әкімдік қаулысының жобасын дайындау үшін жерге орналастыру жобасын бекіту туралы 16.08.2017 жылғы өтінішінде де дәл осындай жағдай анықталды,-делінген жазбада.

Сондай-ақ, жазбада Университет пен оның лауазымды тұлғалары жер учаскелерін иеліктен шығаруға қатысты ешқандай өтініштер мен құжаттар жолдамағанын және қол қоймағанын ресми түрде мәлімдейтіні айтылған.

Сонымен қатар 2017 жылы ҚазҰУ 3.08.2017 ж. Алматы қаласы жер учаскелерін беру жөніндегі комиссия отырысының №28 хаттамасында көрсетілгендей коммуналдық мемлекеттік мекеме емес, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын болды, сондықтан ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес бұл мәселені комиссияның қарауына шығаруға мүлдем құқықтық негіз болмаған. Бұған қоса университетке қатысты жалғасып келе жатқан ақпараттық шабуылда жоғарыда аталған авторлар ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М.Бүркітбаевтың қолы қойылған 1.08.2017 ж. №9-9-2362 хатты университеттің өзі тарапынан жер учаскесін иеліктен шығаруына негіз ретінде ұсынуға тырысуда. Бұл университет басшылығын өзі жасамаған әрекеттері үшін айыптаудың тағы бір дәйексіз әрі «қисынсыз құрастырылған» жалған талпынысы,-делінген.

Осы ретте, жоғарыда аталған хат 2017 жылдың жазында орын алған оқиғалар контексінде жазылғаны айтылады.

2017 жылдың ақпан айында Алматы қаласының әкімдігі «Қоршаусыз қала» бағдарламасын қолға алғаны белгілі. 2017 жылғы 6 маусымда ҚазҰУ-дың атына Алматы қаласы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының жер заңнамасының сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы хабарламасы келіп түсті, ал 12 маусымда тексеру тағайындау туралы акт алынды. Тексеру барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың нақты иеленіп отырған аумағы сәйкестендіру құжатында көрсетілген шекараларға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Жердің пайдалануы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы А.Болғанбаевтың қолы қойылған 14.06.2017 ж. тексеру нәтижелері туралы акті мен 14.06.2017 ж. №198 хаттамада ҚазҰУ иеленген аумақ 0,7 га көлемінде асып кеткендігі туралы айтылды. Сонымен бірге бұған қосымша ретінде бұзушылықты 2017 жылдың 19 шілдесіне дейін жою қажеттігі туралы №370 ұйғарым шығарылды,-делінген жазбада.

Сондай-ақ, жазбада бірінші проректор М.Бүркітбаевтың қолы қойылған 1.08.2017 жылғы хат осы жоғарыда көрсетілген тексеруге және ұйғарымды орындау қажеттілігіне байланысты жазылған, сол себептен онда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жер учаскесінің шекарасын түзету туралы өтініш көрсетілгені айтылады. 

Жоғарыда аталған фактілерге байланысты бұл хаттың мазмұнында бұдан өзге пиғыл, оның ішінде университеттің жер учаскесін сату, бөлу немесе иеліктен шығару көзделген емес әрі мұндай пиғыл мүлдем болған емес. Тағы да ресми түрде мәлімдейміз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері 2017 жылы жер учаскелерін иеліктен шығару бойынша қандай да бір құжаттарды әзірлеуге қатысқан жоқ. Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Алматы қаласының прокуратурасына және Полиция департаментіне бұған дейін жіберілген өтініштерге қосымша, университет 2021 жылғы 8 қаңтарда полиция департаментіне «Geo Audit Company» ЖШС директоры О.Базарбай мен басқа да анықталмаған тұлғаларға қатысты алаяқтық және өзге де құқыққа қарсы әрекеттері үшін тиісті процестік әрекеттерді қабылдау туралы өтініш берді. Бұл мәселе өз шешімін құқықтық аяда табуы тиіс деп білеміз,-делінген ресми мәлімдемеде.

Өзгелердің жаңалығы