Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 16 маусым күні сағат 23.15-те Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС мекемесінің компрессорлық цехының ауамен салқындату құрылғысы өртке оранды.
Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Өрттің таралуын болдырмас үшін және өрт қайтадан өршімес үшін газ беру тоқтатылып, құрылғы апаттық жағдайда толығымен өшірілді. Өрт 23.52-де ауыздықталды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ, - делінген компания баспасөз хабарламасында.
Өртті сөндіруге «Қазақ газ өңдеу зауыты», «Өзенмұнайгаз» және облыстық ТЖД-нің 5 өрт сөндіру жасағы жұмылдырылды.
Мекеме қызметкерлерінің, сонымен қатар Жаңаөзен қаласы тұрғындары мен қалаға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарының өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Қазір өрттің салдарларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өрттің шығу себебі анықталуда.
«ҚазМұнайГаз» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, компания басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың жетекшілігімен жедел штаб құрылады. Оның құрамына тиісті құрылымдық бөлімше қызметкерлері кіреді.