Қазақстандықтар Ресейге басқа елдерден ұшып бара алады

22 Сәуір 2021, 21:08
1816
Бөлісу:
Қазақстандықтар Ресейге басқа елдерден ұшып бара алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мұндай тәртіп Ресей Федерациясы Үкіметінің 2021 жылғы 14 сәуірдегі N 963-ө өкімімен қарастырылған. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің телеграм каналы таратты.

Енді Қазақстан азаматтары Ресейге тұрақты әуе қатынасын қалпына келтірген барлық елдердің рейстерімен ешқандай кедергісіз ұшып бара алады. 

Қазіргі уақытта Ресей келесі елдермен тұрақты жолаушылар рейстерін жүзеге асырады: Қазақстан, Ұлыбритания (2021 жылдың 1 маусымына дейін тоқтатылды), Танзания (белгісіз мерзімге тоқтатылды), Түркия, Швейцария, Мысыр, Мальдив аралдары, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан, Корея Республикасы, Куба, Сербия, Жапония, Сейшел аралдары, Эфиопия, Вьетнам, Үндістан, Катар, Финляндия, Әзербайжан, Армения, Грекия, Сингапур, Венесуэла, Германия, Сирия, Тәжікстан, Өзбекстан, Шри-Ланка - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР азаматтары Қазақстаннан Ресейге тікелей әуе рейстерімен ғана кедергісіз ұшып келе алатын, үшінші елдер арқылы ұшып келу осы елдерде тұруға ықтиярхаты болған жағдайда ғана мүмкін болған. 

Сондай-ақ, Ресейге кіру кезінде шетелдік азаматтарға шекарадан өткенге дейін кемінде 72 сағат бұрын берілген ПТР әдісімен COVID-19 тестінің теріс нәтижесі бар анықтама қажет екенін хабарлаймыз - делінген СІМ хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы