Қазақстанда жұмыссыздардың көбі бастық болғысы келеді

27 Мамыр 2021, 13:35
5536
Бөлісу:
Қазақстанда жұмыссыздардың көбі бастық болғысы келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бізге негізінен жұмысшылар керек. Бірақ бәрі бастық болғысы келеді. Мұндай мәлімдемені «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев жасады.

Ол пандемия кезінде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жұмыс істеген жылжымалы Жұмыспен қамту орталықтарының статистикасы дәлел деп отыр.

Бізде мобильді Жұмыспен қамту орталықтарының нәтижелері бар. Бұл жұмысты Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жүргіздік. Осы жұмыстың шеңберінде психологиялық консультациялар өткіздік. Соның нәтижесіне сүйенсек, жұмыссыздардың шамамен 6%-ы терең депрессияға түсіп кеткен. Олар үшін жұмыс табу оңай емес, күрделі контингент. Ал 56%-ы басшылық лауазымдарды қалайды. Қалған 14%-ы физикалық еңбекке бейім, - дейді Олжас Ордабаев бүгін Мәжілісте өткен тақылауда.

Ол кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнама кадрларға деген қажеттіліктің жоғары екендігін көрсеткенін айтты. Яғни оларға колледж түлектері немесе негізінен еш жерде оқымаған, бірақ қандай да бір еңбек дағдылары бар адамдар қажет.

Шамамен 79%-ына жұмысшы керек. Біздің мобильді Жұмыспен қамту орталықтарына келгендердің тек 14%-ы физикалық еңбекке бейім, ал қалғандарының басшылық қызметке орналасқысы келетінін ескерсек, еңбек нарығында теңгерімсіздік бар, - деді палата төрағасының орынбасары.

Жалпы, оның айтуынша, пандемия кезеңінде жоғары оқу орындарын бітірген университет түлектері үшін еңбек нарығындағы жағдай одан да күрделі болған. Олардың жұмыспен қамтылу деңгейі пандемияға дейінгі кезеңде 74% болса, 2020 жылы шамамен 71%-ға дейін төмендеген.

Яғни, түлектердің 30%-ы оқу бітіргеннен кейін 12 ай ішінде жұмыс таба алмаған. Бұл шамамен 20 мың жас түлекті қамтиды, - деді Олжас Ордабаев.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте жұмыскерлерді қайта оқыту және олардың дағдыларын тұрақты жетілдіру жөніндегі жаңа тәсілдерге арналған дөңгелек үстел өтті.


Өзгелердің жаңалығы