Қазақстанда 2040 жылға дейін су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін

12 Ақпан 2021, 16:54
3391
Бөлісу:
Қазақстанда 2040 жылға дейін су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов министрліктің кеңейтілген алқа отырысында су ресурстары саласындағы жұмыстар туралы баяндап берді.

Ғалымдардың болжамы бойынша Қазақстанда 2040 жылға дейін су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін. Еліміздегі су ресустарының жартысына жуығы өзге мемлекет аумағында қалыптасқанын ескере отырып, көрші мемлекеттермен әріптестікке ерекше көңіл бөлініп отыр, - деді ол.

Вице-министр айтып өткендей, былтыр ҚХР-дан басқа көршілес мемлекеттер арасында су мәселесіне қатысты бірлескен комиссиялардың жоспарлы отырыстары өтті.

Суармалы судың тапшылығын шешу мақсатында қырғыз тарапымен келіссөздер барысында электр энергиясымен тауар алмасу бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Нәтижесінде Тоқтоғұл су қоймасынан 330 млн м3 көлемінде суармалы суды қосымша ағызу қамтамасыз етілді. Сондай-ақ ұқсас схема бойынша Тәжікстан аумағынан БахриТочик су қоймасынан 300 млн м3 көлемінде қосымша су ағызу қамтамасыз етілді, - деп атап өтті ол.

Оның сөзінше, Сырдария өзенінің бассейні бойынша Өзбекстан Республикасымен қарым-қатынас өте маңызды. Былтыр екі ел арасында су қатынастарының барлық бағыты бойынша жұмыс тобының 11 отырысы өткізілді. Оның шеңберінде жоспарланған мәселелерден басқа Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуына байланысты мәселелер қаралды.

Еске салсақ, экология министрі 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеу бойынша жұмысты барынша тездету қажет екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы