Қазақстан оқушылары әлем ғалымдарымен бірге пластик мәселесін талқылады

25 Наурыз 2021, 17:15
2155
Бөлісу:
Қазақстан оқушылары әлем ғалымдарымен бірге пластик мәселесін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұйымдастыруымен онлайн форматта Х Наурыз кездесулері өтті. 

Жалпы білім беретін оқу ордалары мен Зияткерлік мектептердің 400-ден аса оқушысын біріктірген ғылым алаңы «Планета және пластик» адамзат экомәдениеті» тақырыбына арналды.

Наурыз кездесулерінде оқушылар белгілі шетел және қазақстандық ғалымдардың вебинарлары мен тренингтеріне қатысып, эко-роботтар құрастырды.

Қатысушылар National Geographic фотографы Мэнди Баркердің экологияға қатысты жұмыстарымен танысып, Назарбаев Университетінің профессоры Даниэль Тозидің дәрісін тыңдады. Сәтбаев Университетінің робототехника және автоматиканың техникалық құралдары кафедрасының ғылыми қызметкері, сарапшы Азамат Ешмұхаметовтың жетекшілігімен эко-робот құрастыру бойынша командалық жұмысқа қатысты. Ал Open Mind Technologies IT компаниясының басшысы, Rocket Plastic-тің негізін қалаушы Данияр Бакимов оқушыларды өз командасына шақырды, - делінген мектептің хабарламасында.

Наурыз кездесулерінің басты шараларының бірі ретінде «Пластиктің екінші өмірі» экологиялық челленджін атауға болады: еріктілер қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша табысты жобалар жасап, іске асырды.

Сонымен қатар оқушылар экологияны жақсарту бойынша өз идеяларын ортаға салып, эко-жобаларды ұсынды. Мысалы, Талдықорған қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушылары Виктор Кахно мен Валерия Ким пластик бөтелкелерді қабылдап, иесіз үй жануарларына тамақ беретін роботтандырылған терминал ойлап тапқан. 

Наурыз кездесулерінің жабылу рәсімінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова бүгінгі өскелең ұрпақ планетаны таза және жасыл қалпында келесі ұрпаққа табыстауға жауапты, сондықтан экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті тәрбиелеу әрқашан NIS-тің стратегиялық басымдықтарының қатарында екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы