Қатерлі ісікті емдейтін Орта Азиядағы жалғыз құрылғы Қазақстанда іске қосылды

23 Маусым 2021, 13:14
2688
Бөлісу:
Қатерлі ісікті емдейтін Орта Азиядағы жалғыз құрылғы Қазақстанда іске қосылды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қатерлі ісік және мидың зақымдануларын емдейтін Орта Азиядағы жалғыз гамма-пышақ құрылғысы елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында іске қосылды. Бұдан былай отандастарымыз ешқандай пышаққа түспей-ақ қатерлі ісіктен жазылып шыға алады. 

Гамма-пышақ – мидың ісіктерін, тамырлы ауруларын емдеуге арналған радиохирургиялық қондырғы. Медициналық шара  192 көзден радиоактивті сәулені (кобальт-60) қолдана отырып, ісік жасушаларының ДНҚ-сын бұзуға бағытталған. Бір реттік болып табылатын ота қайталап жасауды талап етпейді, ауырсынусыз, бассүйекті трепанацияламай, яғни, кеспей жасалады. 

Радиохирургияның «алтын стандарты» деген атауға ие болған құрылғы бірнеше отаның орнын басты. Яғни, сәулелік терапия секілді бірнеше сатыда емдеу жүргізудің қажеті жоқ. Әрі науқастың сау тіндеріне және бүкіл денесіне зиян келмейді. Тіпті, ота кезінде ояу жататын емделуші қалауына қарай музыка тыңдап,  медитация жасап, қаласа емшара кезінде үзіліс жасай алады. 

Орта Азия бойынша Ұлттық нейрохирургия орталығында ғана бар бұл гамма-пышақ аппараты Швецияда жасалған. Отаның ұзақтығы аурудың күрделілігіне байланысты. Мәселен, ең қысқа отаны небәрі 14 минутта жасасақ, ең ұзағы 3 сағатқа созылды. Бір ота барысында ең көп 7 ісікті жойдық. Бұл құрылғының тағы бір ерекшелігі, дәстүрлі ота жасатқан науқастарға да қолдануға жарамды. Гамма-пышақты болашақта онкологиядан бөлек, офтальмология сынды басқа салаларда да  қолдануды жоспарлап отырмыз, - деді нейрохирург дәрігер Нұрзат Сығай. 

Ми ісігін, ми тамырларының зақымдануын емдейтін құрылғы ауру метастаз бергенде де көмекке келеді. Айта кететін жайт, біз ТМД аумағында аталған құрылғыны орнатқан үшінші елміз. Қазақстан азаматтары бұдан былай шетел аспай-ақ жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмегіне жүгіне алады. Өйткені гамма-пышақпен емдеу шарасы квота бойынша тегін көрсетілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы