Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысындағы орналастыру объектілері мен туристік компаниялар карантин кезінде 909,6 млн теңге шығынға батқан. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газеті жазды.
Осыған байланысты, "Атамекен" ҰКП мен туризм қауымдастығының ұсыныстары негізінде туристік қызмет субъектілерін қолдау бойынша ынталандыру шараларын құру мақсатында дағдарысқа қарсы жедел шаралар қабылданды. Облыстық туризм басқармасының басшысы Г. Ахбердиеваның айтуынша, карантин режиміне байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпкерлік нысандарды тығырықтан шығару үшін мемлекет тарапынан көптеген қолдау мен жеңілдіктер қарастырылып отыр.
Дағдарыс кезінде туризм, қоғамдық тамақтану және қонақ үй қызметтері саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүлік салығынан босатылып отыр. Сондай-ақ, барлық салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, әлеуметтік төлемдер бойынша төлеу мерзімі 2020 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартылды. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне сыйақыны, айыппұлдарды және төлемдерді кешіктіру бойынша өсімпұлдарды есептемеу бөлігінде жеңілдіктер енгізілді. Одан бөлек, банктік қарыз шарттары бойынша төлемдерді 90 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру ұсынылды. 1 сәуірден 1 қазанға дейін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері еңбекақы төлеу қорынан салық және басқа да төлемдерді төлеуден босатылды. Сонымен қатар, жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген туризм саласының қызметкерлері қатаң шектеулі карантиндік шаралар кезеңінде ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде қосымша әлеуметтік төлемдермен қамтылды, - деді басқарма басшысы.Осы ретте, Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті туристік бизнес өкілдерін заңнамалық деңгейде одан әрі ынталандыру мақсатында саланы қалпына келтіруге және одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар шараларды пысықтауда.