Карантин шаралары қалай жеңілдетіледі

4 Мамыр 2020, 22:47
11334
Бөлісу:
Карантин шаралары қалай жеңілдетіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында карантин шаралары кезең-кезеңімен жұмсартылады. Бүгін облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов тиісті қаулы қабылдады.

Қаулыға сәйкес карантин шараларын жұмсарту кезеңінде Алматы облысының аумағында COVID-19 инфекциясы тіркелгеніне байланысты карантиннің күшейтілген режимі енгізілген елді мекендер мен нысандардан басқа жерлерде оптика дүкендері, тұрмыстық техника сататын дүкендер, фотосалондар, гүл сататын киоскілер, жылжымайтын мүліктерге қатысты операциялар атқаратын компаниялар, жарнама агенттіктері, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, сол сияқты ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары өз жұмысын бастайды.

Таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 17.00-ге дейін тұрмыстық және электронды техникаларды жөндеу қызметін көрсететін нысандар, сол сияқты аумағы 500 м² дейінгі барлық азық-түлік дүкендері жұмыс істейді.

Шаштараздар, сұлулық салондары алдын ала жазылым бойынша қайта іске кіріседі, жұмыс кестесі - сағат 9-дан 18.00-ге дейін.

Санаторийлерде, балаларды сауықтыру мекемелерінде, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтарда, музейлерде жазғы туристік маусымға дайындық жұмыстары басталады, туристік фирмалар жұмыс істейді, бірақ әзірге туристерді қабылдауға және қызмет көрсетуге құқығы жоқ.

Сол сияқты ашық алаңда көрерменсіз спорттық шаралар мен жаттығулар өткізуге рұқсат берілді.

Бұл ретте облыстың аудан, қала әкімдеріне, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына және облыстық «Атамекен» КҰП-ға ақпараттық арналар арқылы қызметтің шектеулерін алып тастауға бекітілген объектілерді хабардар ету, бейінді қауымдастықтардың қатысуымен бейнеконференция өткізу, ресми веб-ресурстарға қажетті ақпаратты орналастыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Атап өтерлігі, Алматы облысы аумағында карантин әлі алынып тасталған жоқ. Сондықтан барлық санитарлық-дезинфекциялық шаралар талаптарын қатаң сақтау қажет. Осы талаптардың бұзылуы немесе орындалмауы анықталған жағдайда төтенше жағдай кезіндегі ҚР заңнамаларына сәйкес жедел шаралар қабылданатын болады.

Жаңа қаулы өңір аумағында бүгіннен бастап күшіне енді.
Өзгелердің жаңалығы