Бас жаңалықтар
Карантин: елордада 421 адам полицияға жеткізілді
02 Сәуiр 2020, 04:22 379

Карантин: елордада 421 адам полицияға жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында 28 наурыздан бері карантин режимін бұзған 421 адам полицияға жеткізілді. Блок-бекеттерден кіріп-шығу бойынша ерекше режимді бұзған 99 адам жазаға тартылып, оның 84-і қамауға алынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

30 наурыздан бері елордада төтенше жағдай күшейтілді. Нұр-Сұлтан қаласының полиция басқармасы коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қолдануда. Полиция нарядтары көбейтілді. Қаланың барлық аудандарындағы   азаматтар мен автокөлік құралдарының қозғалысы қатаң қадағалануда.Тәулік бойы күзет жүргізіліп, ұтқыр топтар, жаяу нарядтар іс барысын қадағалауда. Блок-бекеттердегі ахуал әуеден дрондар арқылы бақылануда, - деп мәлімдеді департамент мамандары.

Құқыққорғау басқармасының дерегінше, 28-31 наурыз аралығы қалалық ПБ аумақтық бөлімшелеріне 421 адам әкелінген. 31 наурыздағы ақпарат бойынша, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 434 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 90-ы қамауға алынды, 221-іне айыппұл салынды,103 адамға ескерту жасалып, 20 іс сотқа жіберілді.

Блок-бекеттерден кіріп-шығу бойынша ерекше режимді бұзғаны үшін 99 азамат жазаға тартылды. Оның 84-і қамауға алынды,14-іне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды, 1 іс соттың қарауына жіберілді. ТЖ кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға арандатып, мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1 азамат қамауға алынып, оған 40 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Кәсіпкерлік қызмет нысандары бойынша, 130 азамат жауапкершілікке тартылды. Оның 5-еуі қамауға алынып, 110-ына айыппұл тағайындалды,15 іс сотқа жолданды.

Атап өтейік, 28 наурыздан бері астанада үйден шығуға тыйым салынған. Тек азық-түлікке, дәріханаға және ем алу үшін медициналық мекемелерге баруға, сондай-ақ қызметінен рұқсат етілген жағдайда жұмысқа шығуға рұқсат етілген. Сондай-ақ  кәмелеттік жасқа толмағандарға ересектерсіз қалада жүру, көшеде отбасы мүшелерін қоспағанда үш адамнан артық жиналуға тыйым салынған болатын.


Фото: дереккөз
Загрузка...