Қарақат Башанова «Junior Eurovision 2020» ән байқауында 2-орын алды

30 Қараша 2020, 09:29
2036
Бөлісу:
Қарақат Башанова «Junior Eurovision 2020» ән байқауында 2-орын алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көрермендер мен қазылар алқасының дауыс беру нәтижелері бойынша Қарақат Башанова 152 ұпай жинады. Ол гранд-финалда «Forever» әнін орындады. Аталмыш музыкалық композицияны Қарақат 5 жыл бұрын өмірден өткен әкесіне арнады.

Бұл менің ғана емес, Қазақ елінің жеңісі деп ойлаймын. Қолдағандарыңыз үшін, дауыс бергендеріңіз үшін баршаңызға көп рақмет. Алда мені әлі де көп жетістіктер күтіп тұр деп ойлаймын, - деді Қарақат.

Беделді музыкалық байқауда жеңісті Франция елінің орындаушысы 200 ұпаймен, үшінші орынды Испания елінің өкілі 133 ұпаймен иеленді.

Биыл финалға 12 орындаушы қатысты. Жеңімпаз қазылар алқасының дауыс беруі мен телекөрермендердің онлайн-дауыс беру нәтижелері бойынша анықталды.    

Қазақстан аталмыш ән байқауға үшінші мәрте қатысуда. Қарақат Башанованың Junior Eurovision-2020-да өнер көрсететіні қыркүйек айында өткен Ұлттық іріктеудегі жеңісінен кейін белгілі болды.

Қазақстан Junior Eurovision байқауына алғаш рет 2018 жылы қатысып, дебют жасады. Сол кезде еліміздің атынан Данэлия Тулешова қатысып, «Өзіңе сeн» әнін орындады. Ол алтыншы орынды иеленді. 2019 жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орынды (қазылар алқасының шешімімен бірінші) жеңіп алды. Қазақстанның бұл жарысқа биыл үшінші рет қатысуы «Хабар» Агенттігінің Еуропалық Хабар тарату одағының қауымдастырылған мүшесі атануының арқасында мүмкін болып отыр. Байқаудың финалы «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілді.         


Өзгелердің жаңалығы