Қарағандыда ең шалғай сайлау уческесі аудан орталығынан 450 шақырым қашықтықта орналасқан

25 Шілде 2021, 11:46
1763
Бөлісу:
Қарағандыда ең шалғай сайлау уческесі аудан орталығынан 450 шақырым қашықтықта орналасқан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде алғаш рет ауыл әкімдерін сайлау процесі өтіп жатыр. Елді мекеннің басшысын бұрынғыдай мәслихат депутаттары емес, ауыл тұрғындарының өздері тікелей таңдайды. Қарағанды облысында сайлауда 75 ауылдың әкімі сайлануы тиіс.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйекте халыққа Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттілігін айтқан болатын. Президент 2021 жылы 25 мамырда «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға тузетулерге қол қойды. Жаңа заң бойынша ауыл әкімдері төрт жылға сайланады.

Аймақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, бүгін 25 шілдеде елорда уақытымен сағат 07.00-дегі жағдай бойынша 13 ауылда, 17 кентте, 45 ауылдық округте 149 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті. Сағат 10.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың тоғыз пайызы дауыс берді, - дейді Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мадина Абиева.
Сайлау комиссиясы өкілінің айтуынша, сайлау науқанында барлығы 303 кандидат ұсынылып, оның 257-сі тіркеуге алынған. Ауыл әкімдерін сайлауда Қарағанды облысында 81 мың адам конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс бере алады. Ауыл әкімі лауазымына ұсынылған 257 кандидаттың 81-і саяси партиялар тарапынан ұсынылса, 176-сы өзін-өзі ұсынғандар.
149 сайлау учаскенің барлығында дауыс беруге арналған орындар дайындалған. Барлық учаскеде кандидаттар жайлы ақпараттық стендтер дайындалған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне де барлық жағдай жасалған. Аудан орталығынан ең алыс сайлау учаскесі 450 шақырым қашықтықта орналасқан, - дейді Абиева.


Өзгелердің жаңалығы