Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының шахталарында ескірген жабдықтардың орнына қазіргі заманғы цифрлық технологиялар орнатылуда, деп хабарлады облыс әкімдігінің ресми сайты.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті жер астындағы көтергіш құрылғыларды жаңа дабыл беру жүйесімен жабдықтады. Бұл кеншілердің еңбегін қауіпсіз етуге және өндірістік жарақат алу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Біздің кәсіпорындарда 53 көтергіш қондырғы қолданылады. Инвестициялық бағдарлама бойынша 1970-80 жылдардағы ескірген және өзінің нормативтік мерзімін өтеген оқпан сигнализациясы жүйесін ауыстыру жоспарланған. Енді заманауи цифрлық жүйе болады. 10 жаңа жиынтық сатып алынды. Олардың алтауы орнатылды, қалғандарын монтаждау жүргізілуде, - деді Көмір департаментінің бас энергетигі Юрий Барковский.
Мамандардың айтуынша, автоматтандырылған жүйе сенімді және үздіксіз байланысты қамтамасыз етеді.
«Абай», «Шахтинская», В. И. Ленин атындағы, «Тентек» және «Қазақстан» шахталарында жаңа жабдықтар толық құрастырылып, пайдалануға берілді. Тағы үш шахтада жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.