Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Италияда мас жүргізуші неміс туристерінің бір тобын қағып кетті. Оқиға салдарынан Германиядан келген 6 турист қаза тапты. Ал 11 адам жарақат алды.
Бұл туралы РИА Новости сайтында хабарланды.
Мас күйінде көлік жүргізген азамат Австриямен шекаралас Италияның Лутаго курортында қатты жылдамдықпен келе жатып, 17 туристі қағып кеткен.
Жексенбіге қараған түні клубтан шыққаннан кейін 17 адамнан тұратын туристер тобы өздерінің автобусын күтіп отырады. Жергілікті уақыт бойынша сағат 01.15-те (Мәскеу уақытымен 03.15-те) оларға қатты жылдамдықпен көлік келіп соғылады. Зардап шеккен 11 азамат австриялық Инсбрук қаласына емделу үшін жеткізілген. Қалған зардап шеккендерге италиялық дәрігерлер жедел жәрдем көрсетті, - делінген ресми ақпаратта.
Corriere Della Sera басылымына сүйенсек, мас күйінде көлік жүргізген 28 жастағы жергілікті азамат болып шықты. Полицейлер тексеру барысында оның қанынан алкогольдің өте жоғары деңгейін анықтаған.
Оқиға орнына 160-тан астам итальяндық құтқарушылар келді. Полиция әлі зардап шеккендердің аты-жөндерін анықтай алмай отыр. Өйткені туристердің бәрі бір-бірін танымаған. Ал кейбіреулерінде өздерімен бірге төлқұжаттары болмаған.