Ирак пен Сирияға аштық қаупі төніп тұр

26 Тамыз 2021, 08:41
3318
Бөлісу:
Ирак пен Сирияға аштық қаупі төніп тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сирия мен Иракта қуаңшылық салдарынан 12 миллионнан аса адамға аштық қаупі төніп тұр, деп жазады Хабар24. 

Қос мемлекет те Евфрат өзенінің жағасында орналасқан. Алайда кейінгі кезде аномальді ыстыққа байланысты ондағы су деңгейі біршама азайған. Салдарынан тіршілік нәрінің тапшылығы туындады. 

Бір ғана Сирияның өзінде бір жарым миллион гектар егіс алқабы қурап қалуы мүмкін. Ал Иракта бидай түсімі 70 пайызға азайды. Су азайғасын екі елде де электр энергиясының өндірілуі төмендеген. Негізі қарулы қақтығыстар салдарынан Ирак пен Сириядан өзге елдерге ағылған босқындар онсыз да аз емес. БҰҰ өкілдері енді бір жұтым суға зар болған елдің арасында жан-жаққа бас саулағандар саны тағы да артады дейді.

Негізі Сирияда да, Иракта да қуаңшылық мәселесі бұрыннан бар. Алайда қазіргі жағдай тіптен алаңдатарлық. Мұнда жауын-шашын мөлшері 70 пайызға азайған. Судың сапасы нашарлаған. Бұл тұрғындардың денсаулығына әсер етіп жатыр. Бізге шұғыл шешімдер керек. Қаржыландыру қажет, – дейді Care International гуманитарлық ұйымының аймақтық директоры Джолиен Вельдвейк. 
Ауғанстанда да осындай жағдай. Мұнда таулы мекен көп. Ал егіс алқаптары негізінен оңтүстік аймақта орналасқан. Қазір солардың 40 пайызы қурап, өңір шөл далаға көбірек ұқсап барады. Сарапшылар бұған климаттың өзгеруі себеп дейді. Ахуалдың осыншама ушығуына адамның да әрекеті әсер еткен. Өйткені жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін егіншіліктің ескі әдістерін қолданады. Енді мамандар 14 миллион адамға аштық қаупі төніп тұрғанын ескертеді. Бұл жергілікті халықтың үштен бірі. 
Ауғанстандағы қарулы қақтығыстардың салдары қандай екенін бәріміз білеміз. Ол аздай елді соңғы 3 жылдағы ең алапат қуаңшылық жайлады. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілдері қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр. Бізге қазір шұғыл түрде 200 миллион доллар қажет, – дейді Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Ауғанстандағы директоры Мэри Эллен Макгроарти.   
Бразилияда кейінгі 30 жылда суы тартылған өзен-көлдер саны 15 пайызға артқан. Елдің орталық бөлігінде орналасқан Парана өзенінде су деңгейі кейінгі 91 жылда болмаған көрсеткішке дейін төмендеді. Оңтүстік Америкада көлемі бойынша екінші ірі өзен жүйесі Бразилияның оңтүстігін тіршілік нәрімен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл жағдай көршілес Аргентина мен Парагвайға да әсер етіп отыр. Негізі Бразилия әлемде соя, кофе мен қантты ірі экспорттаушы мемлекет болғандықтан қуаңшылық салдарынан нарықта осы өнімдер қымбаттауы мүмкін. 
Өзгелердің жаңалығы