Инспекторларды жарақаттау, өміріне қауіп төндіру фактілері жиі кездеседі – АШМ

14 Ақпан 2019, 16:13
3138
Бөлісу:
Инспекторларды жарақаттау, өміріне қауіп төндіру фактілері жиі кездеседі – АШМ

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов осылай деді.

«Қызмет міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік инспекторларды жарақаттау, тіпті өміріне қауіп-қатер төндіру фактілері кездеседі. 2015-2019 жылдар аралығында осындай 10 оқиға тіркелген. Олардың 2 эпизоды бойынша кінәлі адамдар бас бостандығынан айырылды. Бір эпизод бойынша шартты мерзімге үкім шығарылса, бес эпизод бойынша іс тоқтатылды, екі іс қаралу үстінде», - деді Рыскелдинов Мәжілістегі дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, 2016 жылғы 30 қарашада Қарағанды облысы Нұра ауданының аумағында браконьерлерді құрықтау кезінде тәртіп бұзушы Охотзоопром инспекторының мойнын пышақтаған.

«Осы факт бойынша Қарағанды облысы Нұра ауданының ішкі істер бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ол қазір іс жүргізу нормалары бұзылып, яғни куәгерлерден және зардап шегушінің өзінен жауап алынбай және қажетті тергеу амалдары жүргізілмей, тоқтатылған», - деді Қайыр Рыскелдинов.

Маманның айтуынша, бұған қоса 2017 жылғы 9 қарашада Ақмола облысы Қорғалжын ауданының аумағында браконьерлерді ұстау кезінде Охотзоопром инспекторларына атыс қарумен сес көрсету фактісі орын алған. Бірақ күні бүгінге дейін кінәлі адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

Атап өтсек, Мәжілісте «Қазақстан Республикасында браконьерлікпен күресудің өзекті мәселелері мен заңнамалық қамтамасыз ету шаралары туралы» дөңгелек үстел өтіп жатыр.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

Өзгелердің жаңалығы