Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Балалар құрдастарымен ойнағанды және сөйлескенді ұнатады. Ерекше балаларға бұл қарапайым көрінетін қажеттілік әрдайым қолжетімді бола бермейді. Жалпы инклюзивті хореография арқылы балаларды қалай дамытуға болады? Мұндай жаттығу қаншалықты тиімді?
Baq.kz редакциясының тілшілері «Тең мүмкіндіктер әлемі» инклюзивті орталығындағы хореография сабағында болып, ерекше балалардың шығармашылыққа қалай тартылатынын, күрделі диагноздары бар балалардың би жаттығуымен қалай айналысатынын көрді.
«Тең мүмкіндіктер әлемі» қайырымдылық қорының директоры Нұргүл Ұлжекованың айтуынша, фонд 2016 жылы ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың ұсынысымен ашылған.
Ол кезде барлығымыз бір мақсатпен біріккен болатынбыз. Яғни спортпен шұғылдану арқылы балаларды дамыту болды. 2017 жылы «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасын құруға бастама жасадық. Бұл жобаның мақсаты – әр түрлі санаттағы мүгедек балалар үшін тегін спорттық секциялар ұйымдастыру. Сондай-ақ Қазақстанда бейімделген дене шынықтыруды дамыту көзделді. Себебі елімізде бұл бағыт дамымаған, - деді ол.Нұргүл Ұлжекова 2018 жылдан бастап жобаның бас серіктесі «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры екенін атап өтті.
Жобаның өзектілігі мүгедектігі бар адамдар санының ұдайы өсуіне және әлеуметтік пен физикалық оңалтудың заманауи, инновациялық және кешенді тәсілдерін енгізу қажеттілігіне байланысты.
Әр балаға жеке көңіл бөлу қажет
Би жаттықтырушысы Арайлым Төлеутайқызы ерекше балалармен жұмысы туралы айтып берді.
2018 жылдан бері осы қоғамдық қорда хореограф болып жұмыс істеймін. Ерекше балаларға инклюзивті би үйірмесінен сабақ беремін. Ерекше балалар жұмыс істеудің өзі ерекше. Өйткені ол балаларға айрықша көңіл аудару керек. Би үйірмесіне қатысқан балаларда өзгеріс пайда болғанын да байқауға болады. Мысалы, біз түрлі байқауларға, концерттерге қатысамыз. Осындай іс-шараларға қатысқан балалардан оң динамиканы байқауға болады. Айта кетсем, алғаш келгенде ұялшақ, биге икемі болмаған балалар қазір байқауларға қатысып жүр. Олар қалалық, республикалық байқаулардан жүлделі орындардан көрініп, биге қатысып ашыла түскендерін көріп жүрміз, - дейді жаттықтырушы.
Ол ерекше балалармен хореографтар қалай жұмыс істегені дұрыс екенін айтып берді.
Ең алдымен, әр балаға жеке көңіл бөлу қажет. Себебі топта түрлі диагнозы бар балалар болады. Ол диагноздың да өз ерекшеліктері бар. Сол себепті әр баламен жақсы байланыста болып, жақын тарту керек. Топта Дауна синдромы, ДЦП, аутизм диагнозбен балалар келеді. Балалар үйірмеге келгенде қуана қауышамыз, құшақтасамыз. 2018 жылдан бері келіп жүрген балалар бар, олар сабақтан қалмайды, - деп атап өтті Арайлым Төлеутайқызы.
Жаттықтырушының тобында қазір 6 жастан 10 жасқа дейінгі 10 бала биге қатысып жүр. Олар аптасына 2 рет 1 сағаттан билейді.
Биге бала келгенде ең алдымен денені шынықтырамыз, қыздырамыз. Кейін созылу жаттығуларын жасап, балалар және сюжеттік билерді үйренеміз, - деп түсіндірді ол.
Ана болғаннан кейін баланың кемшілігін қабылдау қиын
Орталықтың оқушысы Кәусар Муслимованының анасы Жанар Муслимова қызының диагнозы және оның қабілеті туралы айтып берді.
Қазір қызым 13 жаста. ДЦП, аутизм диагноздарын туыла салысымен қойды. Кейін баламен көп жұмыс істеудің арқасында ол диагноздардан емделіп шықтық. Қазір ақылы-есі кем деген диагноз қалды, - деді ол.
Кәусардың анасы баламен қалай жұмыс істегені туралы сөз қозғады.
Қызым туылғанда өзім де жас болдым. Ел шетелге барып, ем алып жатты. Бірақ мен тек спорт арқылы оңалтумен айналыстық. Күніне 7-8 шақырым жаяу жүрдік. Осылайша 4 жыл бойы жұмыс істедім. Ана болғаннан кейін баланың кемшілігін қабылдау қиын. 7 жасында қызымның «ерекшелігін» қабылдап, 8 жасында тіркедім. Сол уақыттан бері тек сау балалар баратын үйірмелерге беріп жүрдім. Ол уақытта ізденген де жоқпын, - деп түсіндірді жас ана.
Ата-аналардан «Тең мүмкіндіктер әлемі» қайырымдылық қоры жайында ести сала, осында келе бастағандарына 3 жыл болғанын айтты.
Осы кезден бастап қызыма өзіне ұқсайтын балалармен ыңғайлы екенін түсіне бастадам. Қазір тек биге барып жүрміз. Бұған дейін басқа спорт түрлеріне барып көрдік, бірақ қызым биге қабілеті, икемі жақсы. Би жарысынан алғашқы медалін алғанда тіпті көзімізге жас келді. Енді алдағы уақытта басқа да қалаларға жарысқа шығамыз деген ниетіміз бар, - деп айтты Жанар Муслимова.
Ол «Тең мүмкіндіктер әлемі» қайырымдылық қорының тигізіп жатқан көмегін айрықша атап өтті.
Осы клубтың ашылғанына қуаныштымын. Өйткені мен жалғызбасты ана ретінде екі баланы тәрбиелеп отырмын. Сол себепті тегін үйірмелерге қатысу бізге үлкен қаржылай көмек болды, - дейді Кәусардың анасы.Жанар Муслимова қазір қызы мен ұлы осы орталықтағы тегін үйірмелерге қатысады. Ұлының денсаулығы мықты. Сөз арасында Жанар ханым қазір жолдасы не себепті отбасымен бірге емес екенін де айтып берді.
Мен 8 жыл бұрын заң бойынша ажырасқанмын. Қызымыздың диагнозын дұрыс қабылдай алмағандығы ажырасуымызға себеп болды. Ол кезде қызым агрессивті болатын, ойламаған жерден тістеп, ұра салатын қылығы болатын. Осының бәріне көну оған қорқынышты болып көрінді деп ойлаймын. Қазір ешкімнің көмегіне зәру емеспін, жұмыс істеймін, балаларға қарауға да уақытым жетеді, - деп түсіндірді жас ана.
Ол мемлекет тарапынан ерекше балаларға көрсетіліп жатқан қамқорлықты айрықша атап өтті.
Қызым Көктал ауданындағы коррекциялық мектепте барады. Ерекше балалар үшін жағдай жасалған. Биыл жаңа оқу жылында 7-сыныпқа өтеді. Қызым болашақта биші не дәрігер болуды армандайды, - деп бөлісті анасы қызының арманымен.Муслимова биыл «Бақытты шаңырақ» бағдарламасы бойынша үй кезегіне өткен, алдағы уақытта балаларымен өз шаңырағына кіреді.