Індетті толық жеңіп шыққанша, сақтық керек – Бағдат Қожахметов

17 Тамыз 2020, 16:38
2035
Бөлісу:
Індетті толық жеңіп шыққанша, сақтық керек – Бағдат Қожахметов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.

Өздеріңіз білетіндей, коронавирус індеті өршіген кезде медициналық мекемелердің жоспарлы қабылдаулары тоқтатылған болатын. Дегенмен, ахуалдың тұрақталуына байланысты Қазақстанда 1 тамыздан бастап жоспарлы медициналық көмек қайтадан жанданды. Бірінші кезекте республикалық деңгейдегі мамандандырылған клиникаларға түрлі аурумен келген науқастар жатқызылады, - деді ол. 

Бағдат Қожахметов брифинг барысында елімізде медициналық сақтандыру қоры арқылы халыққа тегін қызмет көрсететін 626 мекеме бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, әр облыстағы көрсеткіш әртүрлі. Мысалы, Алматы қаласында 67, Алматы облысында 50, Шығыс Қазақстанда 54 медициналық ұйым жоспарлы қабылдауға көшті.

Медицина саласындағы жағымды жаңалықтар жөнінде айтар болсақ, аймақтарда індеттен жазылған соңғы науқасты шығарып салып жатқан сәттер жиі жарияланып жатыр. Мәселен, өткен аптада елордамыздағы провизорлық ауруханада соңғы науқас жазылып шықты. Айта кетерлігі, бұл ардагерлерге арналған госпиталь болатын. Қазір мұнда коронавируспен ауырып жатқан науқас жоқ. Алдағы уақытта госпитальде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, тиісті сараптамалар жасалғаннан кейін бұрынғы қызметіне қайта көшеді, - деді ол. 

Бағдат Қожахметов ахуал тұрақтанды екен деп қауіпсіздік ережесін бұзуға болмайтынын тағы бір еске салды.

Ахуал тұрақтанды екен деп қауіпсіздік ережесін бұзуға болмайды. Мұны естеріңізге саламыз. Індетті толық жеңіп шыққанша, антисептик қолданып, маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты мұқият сақтаңыздар, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы