Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Қытайда оқып жатқан қазақстандық студенттер мен олардың оқытушылары қазақстандықтарды пандемиямен күресте қолдау мақсатында видео түсірді.
Қытайдағы Чжэцзян қаржы және экономика университетінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын зерттейтін алғашқы ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс жасайды. Қазақстандағы жағдайға олар да бейжай қарай алмайтындығын білдіріп, пандемиямен күресте моральдық тұрғыда қолдау көрсету мақсатында видео түсірді.Қытайдағы Чжэцзян қаржы және экономика университеті сіздермен бірге. Бекем болыңыздар!, – деді қазақстандық студент.
Сондай-ақ, осындай қиын сәтте университет студенттерді тегін тамақпен қамтамасыз еткенін айтты.
Университетіміз қиын-қыстау кезеңде бізді үш мезгіл тегін азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қауіп-қатерден қорғап, қамқорлық танытты, – деді Қытайдағы қазақстандық студент.
Осы ретте университет оқытушылары да қазақстандықтармен бірге екендерін сөз етті.
Чжэцзян қаржы-экономикалық университеті Қытайда Қазақстан экономикалық және әлеуметтік зерттеу орталығын ашты. Енді біз Қазақстандағы 6 университетпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан мен Қытай достығы мәңгілік. Әлемдік індетті бірге жеңеміз. Қазақстан алға!, – деп айтты университет өкілдері.